Әлемдік нарықта уранның бағасы көтеріліп жатыр. Қазіргі уақытта бұл шикізаттың құны бір фунт үшін 70 долларға дейін өскен.
Мұндай көрсеткішке уран бағасы 25 қыркүйек күні көтерілген. Бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары баға саналады. Сол жылғы Фукусима АЭС-індегі апатқа дейін уран шикізатының құны 73 долларға дейін көтерілген. Ал апаттан кейін бұл нарықта ұзаққа созылған депрессия басталған.
Trading Economics басылымның хабарлауынша, бұған бірнеше факторлар әсер еткен. Мемлекеттер, отын бағасының тұрақсыздығына байланысты және декарбонизация жағдайында көбінде атом энергиясына инвестиция сала бастаған.
Сонымен бірге, нарықта Канаданың Cameco компаниясының отынына қатысты алаңдаушылық бар. Cameco-ның Канададағы Сигар көлі кенішіндегі және Ки-Лейк диірменіндегі проблемаларға байланысты толық жылдық өндіріс болжамдары қысқартылған болатын.
Дүниежүзі бойынша уранның шамамен 4%-ы Нигерде өндіріледі. Сол себепті де бұл елдегі төңкеріс нарықтағы қысымды арттыра түсті. Осыған байланысты Францияның осы елдегі Орано компаниясының да жұмысы тұралап қалды.
Бұған қоса Ресей уранына санкция салынбағанына қарамастан, жақында Санкт-Петербург порттарынан Америка Құрама Штаттарына ядролық отынға сақтандырудың жоқтығына байланысты және гесояси жағдайлар аясында экспорт тоқтап қалғаны туралы хабарланған болатын. Міне осы жағдайлардың барлығы бұл шикізатқа деген сұранысты арттырып, бағаның көтерілуіне әсер етті.
Жалпы, қыркүйек айындағы және соңғы жылдардағы көрсеткіштер бойынша рекорд бір фунт үшін 65,5 долларды құраған. WMC Energy сарапшылары жаңа уран кен орындарының болмауына байланысты баға Фукусима апатына дейін болған 73 доллар деңгейінен әлдеқайда асып кетуі мүмкін деген болжам айтады. Ал соңғы айда акциялары 38%-ға қымбаттаған «Қазатомөнеркәсіп» үшін бұл жақсы болжам.
«Курсив» осыған дейін уранға сұраныс ұсыныстан асып түсуі мүмкін екенін, бағалардың 12 жылда максимумға жеткені туралы жазды. Financial Times басылымы дерегінше, атом энергетикасы құрылысы күрделі, жүзеге асыру мерзімі ұзақ, құны жоғары сала. Сонымен қатар қауіпсіздік жағы да өте үлкен мәселе. Соған қарамастан оның келешегі зор.