Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» бен Abu Dhabi Ports Company 35 мамандық бойынша жаңа жұмыс орындарын ұсынады

кмг
Фото: ҚМГ

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Abu Dhabi Ports Company екіжақты келісім нәтижесінде қазақстандық мамандарды жұмысқа қабылдау үшін іріктеу өткізеді, деп хабарлайды ҚМГ баспасөз қызметі.

Үміткерлер 2023 жылғы 29 қыркүйектен бастап 35 мамандық бойынша конкурс арқылы қабылданады. Компанияға боцман, механик, теңізші және т.б. мамандар керек.

«Іріктеу Маңғыстау облысының тұрғындары арасында мамандық иелерінің кәсіби ерекшелігіне қарай өткізіледі. Конкурсқа қатысушылар ағылшын тілін білуі керек.
Байқауды Samruk Business Academy ұйымдастырады. Үміткерлер 29 қыркүйектен бастап QSamruk.kz платформасына тіркеліп, өтінім бере алады», делінген хабарламада.

Іріктеу шараларына Abu Dhabi Ports Company өкілдері қатысады. Сынақтан сәтті өткендер ағылшын тілінің жедел курстарын оқып, ресми түрде жұмысқа орналасады.

«ҚазМұнайГаз» бен Abu Dhabi Ports Company жаңа калрлар іздестіріп жатыр. Бос жұмыс орындарына мамандар іріктеу арқылы таңдалады.

Еске сала кетсек, осыған дейін Bloomberg Қазақстанның «Қазмұнайгаз» мемлекеттік компаниясының Ресейді айналып өту үшін теңіз арқылы мұнай тасымалдауға танкерлер сатып ала бастағанын жазды. Өз кезегінде «Қазмұнайгаз» басшысы танкерлердің көбеюін Украинадағы соғысқа еш қатысы жоқ екенін, бұл компанияның органикалық өсімі екенін айтты.

AD Ports Group – Біріккен Араб Әмірліктерінің порты, өнеркәсіптік және логистикалық операторы, Абу-Дабидің әртараптандырылған экономикасының негізгі секторларын қамтитын ірі кәсіпорындардың кең портфолиосы бар аймақтағы ең ірі холдингтік компаниялардың бірі. Порттарды, өнеркәсіптік қалаларды және еркін аймақты, теңіз, логистика және цифрлық технологияларды қамтитын бірнеше кластерлерді басқарады.

«Қазтеңізкөлікфлоты» ЖШС «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100% еншілес ұйымы. Компания – Қазақстандағы ең ірі флот және елдегі танкерлер, буксирлер, сондай-ақ габаритті емес жүктерді тасымалдауға арналған кемелер мен әртүрлі мақсаттағы баржаларға ие. Ол Каспий теңізінің суларында және Қара және Жерорта теңіздерінің суларындағы бағыттар бойынша мұнай тасымалдайды.