«Шахмат керуені» Қазақстанды не үшін аралап жүр?
Бүгін, 28 қыркүйекте, Өскемен қаласында «Шахмат керуені» турнирі өтіп жатыр. Аталмыш іс-шара екі күн бұрын Семейде болған еді. Ал 2 қазанда өтетін турнирге Талдықорған шахматшылары қатысатын болады. «Шахмат керуені» – кезең-кезеңімен өтетін әуесқойлар арасындағы турнир. Осы күз бойы Қазақстан қалаларын аралайтын нағыз автокеруен. Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) бастаған 14 мың шақырымдық сапардың негізгі мақсаты жайлы «Курсивке» ҚШФ вице-президенті Александр Бабенко әңгімелеп берді.
– Сонау тарих қойнауында Ұлы Жібек жолындағы керуендер тек тауар ғана емес, жаңа ілім-білімді де жеткізуші болды, соның арқасында шахмат Үндістаннан Азияға да, Еуропаға да жетті. Қазіргі заман керуені Қазақстан қалаларына не әкеле жатыр?
– Тым әсірелеу болып естілер, сонда да айтайын, біз Республиканың зияткерлік әлеуетін дамытуға деген зор ниетімізді әкеле жатырмыз. Білесіз бе, мен 25 жыл бұрын аймақтық шахмат жұмысын ұйымдастыруға келдім. Бірақ жасап жатқан жұмысымыз өзіме ұнаса да, «осы не үшін?» деген сауалға 10-15 жыл бойы жауап бере алмадым. Бұл ұлттың интеллектуалды әлеуетін дамыту екеніне көз жеткізген соң ғана, маған жұмыс істеу оңайырақ болды.
Бүгінде «Шахмат керуені» – ұлттың зияткерлік әлеуетін дамытуға қосымша үлес қоса алатын аса маңызды ерекшеліктердің, атап айтқанда: қоғамның, кәсіпкерлердің, жергілікті биліктің назарын аудару мүмкіндігі. Мен неге бұған сенімдімін? Өйткені, біздің мақсат – іс жүзінде дәлелденген. Нақты мысал: Павлодар облысындағы он мектепте үш жыл қатарынан аптасына екі рет екінші, үшінші және төртінші сыныптарда шахмат сабақтары өткізілді. Үш жылдан кейін осы сыныптардың балалары мен шахмат сабақтары өтілмеген параллель сыныптардың балаларын тексеріп көрдік. Білесіз бе, олардың арасындағы айырмашылық айқын көрінді.
– Аймақтарда шахматты танымал ету қажеттілігі неден туындады? Соңғы кездері бұл ойын ҚР-да танымал болып келе жатқандай көрінеді…
– Мен әріден бастайын. Республикамызда шахматтың көп жылдық тарихы бар. ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Қазақстан аумағында шахматтан КСРО чемпионатының жартылай финалы өтті. Заманында мұндай іс-шара өткізу зор мәртебе еді. ХХІ ғасырда да елімізде шахмат ойынының дамуында оң динамика қалыптасты. Бірақ соңғы уақытта оның күрт қарқын алуына ықпал еткен екі елеулі оқиға болды. Біріншісі – президент Тоқаев шахматтың дамуы жеке өз бақылауында болатынын атап өтті, ал екіншісі – Тимур Турлов ҚШФ президенті лауазымына сайланды. Нәтижесі қандай? Он екі айдың ішінде Қазақстан аумағында әртүрлі санаттағы үш әлем чемпионаты өткізілді. Азия құрлықтық чемпионатындағы жеңіс, Қазақстан шахматшы қыздарының Польшада өткен әлем чемпионатындағы «күміс» жүлдесін ерекше атай аламыз. Онда әйелдер командасы Қытай, Үндістан, АҚШ және басқа да көптеген елдерді басып озды.
Алайда, осынау керемет жетістіктерден кейін, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» кебін киюіміз мүмкін. Сондықтан да, біздің арқа сүйер мықты спортшыларымыз көп болуы үшін өңірлерде шахмат спортын белсенді дамыту қажет. ҚШФ-ның орталық және өңірлік бөлімшелері арасында байланыс орнату қажет. Бүгінде біз барлық өңірлерде филиалдар ашып, аймақтық қамқоршылық кеңес құрамын анықтап жатырмыз. Осылайша, жер-жерде арқасүйер орындар ашылған кезде Алматы, Павлодар, Астана, Қарағанды қалаларындағыдай шахмат орталықтары көбейеді. Республикалық шахмат федерациясының мен өңірлердегі халықтың, кәсіпкерлердің, жергілікті атқарушы органдардың және қарапайым энтузиастардың қолдауы арасында толыққанды синергия пайда болған кезде тіпті осы қалалардың өзіне де қосымша серпін береді.
– Дегенмен облыстық шахмат федерациялары бар ғой, енді ҚШФ өңірлік бөлімшелері пайда бола ма?
– Облыстық федерациялар өз бетінше жұмысын жалғастыра береді және бұл екі түрлі орталық емес, біртұтас команда болады. Біз қарсылас болу, бөлінуден аулақпыз, керісінше мүмкіндіктерді күшейтеміз. Осы уақытқа дейін ҚШФ филиалдары да, облыстық федерациялар да өңірлерде ынта-жігермен қоғамдық негізде жұмыс істеді. Бүгінгі таңда ҚШФ президенті Тимур Турлов басқа деңгейдегі міндеттер қойып отыр. Бізге сауатты менеджерлер қажет, олар үшін бұл, әрине, тек жан қалауы ғана емес (әрине, бұл да өте маңызды), ақы төленетін жұмыс болуы шарт. Қараңыз, біздің ұсынып отырған бағытымыз қарапайым энтузиазмге қарағанда әлде-қайда маңызды әрі болашағы бар жол.
– Бұл шахмат менеджерлерінің алдына KPI және қандай да бір міндеттер қойылады дегенді білдіре ме?
– Әрине! 2024 жылы біз өңірлер деңгейінде нақты KPI-ы бар, шахмат ойындарын дамытудың аймақтық бағдарламасын қабылдай бастайтынымызға сенімдімін. Онсыз мүмкін емес, өйткені ешкім қоғамдық ақшаны, мемлекет қаржысын, серіктестеріміздің қаражатын құмға сіңген судай жоқ ете алмайды. Қызметті жүйелеу қажет. Бізде республиканың әртүрлі өңірлерінен осы мақсатқа қажет тәжірибе жинақталды. Енді оны біріздендіру қажет. Шынында да, шахматта жергілікті, аймақтық ерекшеліктер деген бола бермейді. Ашық турнирлерге бес-алты жастағы балалар да, ақ шашты қариялар да қатысатын жалғыз спорт түрі, әйел, ер деп те қарамайды. Бізде гендерлік немесе жас шектеулері жоқ.
– Енді турнирлер туралы. «Шахмат керуені» аясында тоқтаған әр қалалада блиц бойынша әуесқойлар арасындағы турнир өткізіледі. Қазақстанда әуесқой арасындағы турнирлердің ахуалы қандай?
– Шахмат нәтижелерінің chess-results.com атты халықаралық сервері бар. Егер оны ашып, Қазақстанды таңдасақ, турнирлердің көп екенін көруге болады. Бірақ мұнда да жүйелеу жетіспейтінін байқаймыз. Енді «Шахмат керуені» аясында қалай жүйеленетініне тоқталайық. Тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында республиканың 20 қаласында ФИДЕ ережелері бойынша біріздендірілген іріктеу турнирлері өткізілді. Олардың әрқайсысына, 70-тен 160-қа дейін адам қатысты. Қатысушылар үшін екі шектеу қойылды. Бірі – турнир өткізілетін әкімшілік аумақта тұру және ЭЛО рейтингі 2000– нан аспау. Яғни бұл спорт шеберіне үміткердің деңгейі (ЭЛО – рейтинг жүйесі, бұл шахматшының қаншалықты жақсы ойнайтынын бағалауға мүмкіндік береді — «Курсив»). Бұл шектеу турнирдің әуесқойлық сипаты үшін қажет. Міне, осындай жүйелі әуесқой, кезеңдік турнирлер – бүкіл ел бойынша аз.
Әрі қарай ше? Бірінші раундтың қорытындысы бойынша әр қаладан жартылай финалға қатысатын 20 адам іріктелді. Қазір қалаларға «Шахмат керуені» аялдаған кезде, жартылай финалдарды өткізіп жатырмыз. Әр шаһардан үш жеңімпаз анықталады және осы үш шахматшы 10 қараша күні Түркістанда өтетін Гранд-финалға барады. Түркістанда үлкен шахмет мерекесі өтеді. Гранд-финалдың жалпы жүлде қоры әуесқой шахматшылар үшін, шамамен, 16 млн теңге, бұл жүлде қоры әуесқой емес, кәсіби шахматшылар үшін де өте қомақты.
Мен сізге Көкшетауда өткен жартылай финал кезінде болған қызық жағдайды айтып берейін. Шалғайдағы ауылдан бізге жасы алпысты алқымдаған ойыншы келді, ол ешқашан турнирлерге қатысып көрмеген. Сол ойыншы іріктеуден өтіп, жартылай финалға жетіп, нәтижесінде Түркістанға баратын шахматшылар үштігіне кірді. Ол кісінің ЭЛО рейтингі жоқ, оның тіпті ұялы телефоны да жоқ. Біз онымен әпкесінің ұялы телефоны арқылы хабарласамыз. Осындай қаншама мықты ойыншы бар екенін елестете аласыз ба? Аймақтарда талантты адамдар өте көп.
– «Шахмат керуені» турниріне жалпы қанша адам қатысады?
– Егер іріктеу турнирде бір өңірден орта есеппен 115 адам ойнады десек, онда бастапқыда ел бойынша 2300 адам қатысты. Жартылай финалға 400 адам шықты, ал келесі кезеңге, Гранд-финалға 60 адам барады. Қазір біз тек додаға қатысқандар туралы айтып отырмыз. Оған жанкүйерлер, көрермендер, жаттықтырушылар, ата-аналар, туыстар, көршілерді қосыңыз…
– Адамдар жай ғана көруге келді, жанкүйерлер тарапынан қызығушылық болды ма?
– Біз турнирлерді киіз үйде өткіземіз. Оның керегелерінің 40%-ы ашық. Көрермен үшін ыңғайлы осындай киіз үй ұсына алатын бас мердігерді таңдауда жолымыз болды. Сырттағы адамдар спортшылардың ойнауына кедергі келтірмей-ақ, шахмат тақтасының артында не болып жатқанын көре алады. Осылайша көрермен қатысушыларға жанкүйер бола алады. Кейбіреуі іріктеу кезеңі туралы уақытында білмегеніне және қатыса алмағанына өкініп жатады. Алайда барлығы әлі алда. Еске сала кетейік, бұл бір реттік іс-шара емес, бұл біздің үлкен сапарымыздың бір бөлігі ғана. Бұл шынында да үлкен сапар. Біздің бағытымыз – бүкіл ел бойынша 14 мың шақырым. Біз іс-шара өткізетін агенттіктерімен сөйлескен едік, олардың дерегінше бірде-бір коммерциялық құрылым немесе бірде-бір қоғамдық бірлестік мұндай ауқымды іс-шара ұйымдастырмаған екен.
– Мұндай іс-шараны ел көлемінде өткізу-шын мәнінде өте ауқымды жұмыс. Ұйымдастыру қиынға соқпады ма?
– Иә, бізде тіпті автокөлікпен жүрудің өзі қиынға соғатын жолдар бар. Ортақ түсіністік болғанына қарамастан, ұйымдастыру барысында да сұрақтар туындап жатады. Бірақ мұндай мәселелердің барлығы орнымен шешіліп келеді. Жүйелі, тұрақты жұмыс жүргізу – басты мақсатымыз.
Қазақстанда соңғы он екі айда өткен үш әлем чемпионатына қайта оралайық. Мен шахмат турнирлерін ұйымдастыру саласында жиырма бес жыл бойы жұмыс істеймін. Шыны керек, бір жылда үш әлем чемпионатын өткізген ел есімде жоқ. Бұл нені білдіреді? Ел билігі, біздің федерация басшылығы алдымызға айқын мақсат, нақты міндеттер қойып отыр. Білесіз бе, мұндай дүние маған шабыт береді. Ақтауда мектеп оқушыларынан құралған командалар арасында әлем чемпионатын өткізу туралы шешім турнирді өткізу мерзімінен бір жарым ай бұрын ғана қабылданды. Ал, Ақтау кез-келген шараны оңай ұйымдастыруға болатын Алматы не Астана емес. Президентіміз де «аймақтарға барыңыздар» деген ұсыныс айтқан болатын. Осылайша біз аймақта кереметтей турнир өткіздік, оған тұңғыш рет елу бес ел қатысты. «Шахмат тәжі» үшін матч ше? Ол өткізілуі тиіс негізгі мемлекет Аргентина емес пе еді. Сол бір жарым ай ішінде Қазақстан осындай айтулы матчты өткізуге ең лайық ел екенін дәлелдей алды деп айтуға болады.
– Біз қазір Қазақстан әлем чемпионаттарын өткізгенін, республикамыз өз спортшыларының жетістіктерімен әлемдік шахмат алыптарының қатарына қосылғанын айттық, Таяу онжылдықта Қазақстанды шахмат аренасынан қалай көресіз?
– Жоспар көкжиегін алдағы 10-20 жылға дейін кеңейте алам ба? Менің ойымша, біз интеллектуалдық әлеуеті аса жоғары ұлтпыз. Ол бар жағынан көрініп тұрады, соның ішінде біз әлемдік шахмат державаларының алғашқы үштігіне кіреміз. Ал, қөздеген мақсатқа зор құлшыныспен қол жеткізу үшін нақты қадамдар жасалуы тиіс. Сондықтан, осы бағытпен мақсатымызға жете алатынымызға өзім бек сенімдімін.