Сүт сатып жан бағып отырған ауыл тұрғындарының 70%-ы табысынан айырылады – Сенатор

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

2025 жылға қарай Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімі күшіне енеді. Жаңа ережеде шикі сүтке қойылатын талаптар күшейтіледі. Соның салдарынан қазақстандық, әсіресе еліміздің солтүстік өңірлеріндегі сүт өңдеушілер өндірісті қысқартуға мәжбүр болады. Бұл туралы сенатор Закиржан Кузиев өзінің депутаттық сауалында айтты.

Сенатордың пікірінше, шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалып келген. Дегенмен, мүйізді ірі қараның 85%-дан астамы және елімізде өндірілетін бүкіл сүттің 88%-ы солардың қолында.

Сенатор 2025 жылғы 1 қаңтардан кейін жағдай ерекше ушығатынын атап өтті. Өйткені сол кезден бастап Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімі күшіне енеді. Жаңа ережеде шикі сүтке қойылатын талаптар күшейтіледі. Ол бойынша сүт машинамен сауу арқылы дайындалып, бірден салқындатқыш шанаққа түсуі керек. Барлық шикі сүттің 90%-на дейін өндіретін шағын шаруа қожалықтары мұндай жағдайды қамтамасыз ете алмайды.

«Шикі сүтті оны өңдеу кәсіпорындарына техникалық регламентке сәйкес жеткізудің мүмкіндігі жоқ. Шикізат тапшылығына байланысты қайта өңдеу кәсіпорындарының өндіріс қуаты 40%-ға дейін азаяды. Сүт зауыттарының 90%-ы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Оның талаптары күшіне енгеннен кейін, бүгінде сүт сатудан табыс табатын ауыл тұрғындарының 70%-ы тұрақты табыс көзінен айырылады», – деп атап өтті Закиржан Күзиев.

Закиржан Кузиев осыған байланысты шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарының сервистік-тұтыну кооперацияларын ынталандыру қажеттігін атап өтті. Ол үшін ауыл тұрғындарына қарқынды  түрде несие беру және сервистік-сатып алу орталықтарын құру аса маңызды болып отыр. Ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін реформалауды жүзеге асыру, субсидия түрлерінің санын қысқарту, елу шақтысының арасынан тек бірнеше негізгісін ғана қалдыру керек. Ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруді, оны қайта өңдеуді және өткізумен қоса азық-түлік тауарларының айналымын қосымша құн салығынан босату керек.

Сондай-ақ оқыңыз