Таулы Қарабақ республикасы таратылады: мойындалмаған мемлекеттің басшысы жарлыққа қол қойды

Жарияланды

Коллаж: kursiv.media

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мойындалмаған Арцах Республикасы таратылады. Мойындалмаған Арцах Республикасының Президенті Самвел Шахраманян 2023 жылдың 19 қыркүйегінде қалыптасқан жағдайларға байланысты, осындай бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды осы өңірдің телеграм арнасы.

Жарлықта қазіргі күрделі әскери-саяси жағдайға байланысты Ресей бітімгершілік күштері қолбасшылығының делдалдығы нәтижесінде қол жеткізілген келісімді ескере отырып, «Арцах» халқының физикалық қауіпсіздігі мен өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз етуге басымдық берілгені айтылған.

Сонымен бірге құжатта өңір басшылығы Әзірбайжан тарапымен келісімге келіп, нәтижесінде Таулы Қарабақ тұрғындары мен қаруын тастаған әскери қызметкерлер, өз көліктерімен Лачин дәлізі бойымен еркін және еш кедергісіз жүре алатыны жазылған.

«2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ведомстволық бағыныстағы барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар таратылады және Таулы Қарабақ Республикасы өз қызметін тоқтатсын», делінген телеграм арнасы таратқан жарлық мәтінінде.

Сонымен бірге ол құжатта Таулы Қарабақ тұрғындары, оның ішінде республикадан тыс жерлерде тұратын азаматтарға жарлық күшіне енгеннен кейін Әзірбайжан Республикасы ұсынған реинтеграция шарттарымен танысу ұсынылған.

Еске сала кетсек, биыл 19 қыркүйекте Әзірбайжан мемлекеті Таулы Қарабақ аймағында «терроризмге қарсы іс-шараларды» қолға алғанын мәлімдеді. Әзербайжан СІМ-і аймақтағы бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – Армения әскери күштерін Қарабақтан толық шығару және Степанакерттегі қатаң «режимді» құрту деп мәлімдеді.

Өз кезегінде Қазақстан Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын растайтынын мәлімдеді.

«Қарабақ төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегінде берік қолдауын тағы да растайды, сондай-ақ барлық мәселелерді БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайды», делінген СІМ мәлімдемесінде.

Ал 20 қыркүйек күні Таулы Қарабақ билігі атысты тоқтатып, Әзірбайжанды орталық атқарушы орган ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Мойындалмаған республика билігінің хабарлауынша, біржақты атысты тоқтату туралы шешім Таулы Қарабақта орналасқан ресейлік бітімгершілік контингенттің араласуымен жүзеге асқан.

Ал 21 қыркүйекте армяндықтар Таулы Қарабақ капитуляциясынан кейін Пашинянның биліктен кетуін талап етіп, наразылыққа шықты. Алаңға жиналған наразы халық Армения үкіметінің Қарабақтағы армян сепаратистеріне қолдау көрсетпей отырғанын айыптады.  

Сондай-ақ оқыңыз