Жалақысы 2 млннан асатын 40 мың қазақстандық төлейтін салық мөлшері өсуі мүмкін – МКК
фото: kursiv.media
Жеке табыс салығының (ЖТС) мөлшерлемесі орташа жалақысы бар қазақстандықтар үшін өзгеріссіз қалады. Елімізде 40 мыңнан астам адам 2 млн теңгеден астам жалақы алады, деп хабарлады Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары орташа жалақы алатындарға салынатын салықтың өзгермейтінін хабарлады:
«Орташа жалақысы бар адамдар үшін салық өспейді. Егер 300 мың теңге туралы айтатын болсаңыз, ондағы жүктеме сол күйінде қалады: – 10%. Біз қазір салық салуды қай шекті деңгейден бастау керек екенін қарастырып жатырмыз. Мүмкін, айына 1 млн теңге, не айына 2 млн теңге жалақы алатындарды ескерерміз. Қазір елімізде 7 млн-ға жуық еңбек күші бар. Оның 2 млн теңгеден астам жалақы алатыны – 30-40 мыңға жуық. Бұл өзгерістер негізгі еңбек күшіне өз салқынын тигізбейді, – деді Жәнібек Нұржанов.
Комитет төрағасының хабарлауынша, прогрессивті салық шкаласына қатысты түзетулер 2023 жылдың басында енгізіледі. Дегенмен Жәнібек Нұржанов жоғары жалақы алатын қызметкерлер үшін ЖТС (жеке табыс салығы) қаншалықты ұлғаятынын ашып айтпады.
«Біз бюджет кірістерінен түсетін пайданы жоғалтпауымыз керек. Сонымен қатар, салық төлеушіге де қолайсыз жағдай туғызбаған дұрыс. Сондықтан мөлшерлеме мәселесі өте маңызды. Мүмкін, 15% не 12% қарастырылады. Әзірге түпкілікті шешім жоқ. Салық кодексінің жобасын енгізу мерзімі жылдың соңы – келесі жылдың басына қарай нақтыланады», – деп нақтылады Нұржанов.
Нұржанов бірнеше жұмыс орнынан жалақы алатын қазақстандықтарға да тоқталды. Мемлекеттік кірістер комитеті басшысының орынбасары олардың жағдайында салық жалақының жиынтық мөлшерінен алынуы тиіс екенін атап өтті.
«Қалыптасқан дәстүр бойынша біз мұны жиынтықта жасауымыз керек. Егер оның үш жұмыс орны болса (қызметкер), онда салықты қосып есептеу керек. Бірақ әкімшілік пен бухгалтерлер үшін бұл өте қиын міндет екенін түсінеміз. Бухгалтер өз қызметкерінің басқа жерде жұмыс істейтінін білмеуі мүмкін. Бұл мәселені жалпыға бірдей декларациялау аясында қарастыру қажет болады. Егер оның табысы шекті мәннен асып кетсе, сәйкесінше салық ставкасы да көтеріледі. Бұл кезде қызметкер алынған кірістерден дербес қосымша ақы төлеуі керек», – деді ол.
Нұржанов жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, салықтың шекті деңгейін анықтау мәселесі, әрі маңызды әрі проблемалы екенін ашық айтты.
«Бұл миллион теңге дегенің жоғары салық салынатын сома емес. 1 миллион бола ма, 2 миллион бола ма, біз әзірге нақты жауап бере алмаймыз», – деп түйіндеді комитет төрағасының орынбасары.