Жаңалықтар

Болмасаң да, ұқсап бақ: қазақстандық IT-компаниялар қызметкерлеріне Google секілді қамқорлық жасай ма?

Фото: Shutterstoks

Психолог кеңесі, массаж, фитнеске тегін абонемент сынды жағдай жасайтын компаниялар Қазақстанда да бар. Бұрын шетелдік компанияларда істейтін қызметкерлердің сұхбатынан еститін мұндай керемет бізде барына көз жеткізу үшін Kursiv.media тілшісі отандық IT-компанияларға сұраныс жолдаған еді. Қызметкерлеріне қандай жағдай жасайды, нендей мүмкіндіктер қарастырылғанына, кеңселері қалай безендірілгеніне шолу жасап шықты.    

MOST: массаж, тау көрінетін әдемі терраса және психологиялық релакс

 Стартаптарға ерте кезеңдерде ақша салатын MOST компаниясы әрбір қызметкерді онбордиң сәтінен бастап, командалық спринтте жұмыс істегенге дейін жайлы сезінуіне үлес қосуға тырысады. Компания қызметкерлеріне кеңсе жанындағы фитнес-залдарға жеңілдік береді. Әрі хабта апта сайын психологиялық релаксацияға баруға мүмкіндік бар. Ресми дресс-код, түскі ас уақыты сынды бекітілген ережелер де мұнда жоқ. Сонымен бірге қызметкерлер аптасына бір күн демалыс алса не үйден істесе болады. Холдинг IT-хабта орналасқан. Жайлы жерде жұмыс істеумен қатар, қызметкерлерге арналған кофехана, ар жағынан тау көрініп тұратын әдемі көрінісі бар терраса да бар. Душқа түсіп, арнайы демалыс аймағында демалып алуға болады. Компания өкілдерінің айтуынша, түскі астан кейін әдемі көрпешелерге жатып, көз шырымын алса да болады екен. Аптасына үш рет арнайы chairmassage массаж қызметі келеді. Компьютер алдында ұзақ отыратындықтан, қызметкерлерге бұл қызмет аса қажет. Бел-омыртқасы, мойны ауыратындар арнайы массаж жасатып ала алады.  

Kazdream: туған күнге — демалыс, отбасы құрғанға — сыйақы  

Kazdream IT холдингі де қызметкерлерінің денсаулығына аса мән береді екен. Атап айтқанда, мұнда Kazdream Fit және Kazdream Health атты бағдарламалар бар. Бұл бағдарламалар аясында қызметкерлердің фитнес-орталықтарындағы абонементтеріне, медициналық қызметтеріне қаржы бөлінеді. Компанияның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, мұнда волейбол, футбол, үстел теннисі, баскетбол, киберспорт, шахмат және басқа да көптеген спорт секциясы бойынша турнирлер өткізіліп тұрады. Одан бөлек, тіл үйренуге де жағдай жасалған. Ағылшын және қазақ тілін үйрететін курс қызметкерлерге тегін. Сабақтары жұмыс уақытында өтетіндіктен, ол да жұмыс процесінің бір бөлігі саналады. Сондай-ақ, компанияда ұжым мәдениетін дамытуға бағытталған іс-шаралар да жиі өтеді. Соның бірі —  Spanchbob. Мұнда холдингтің бас директоры Дәурен Төлебаев тікелей эфирге шығады. Ай сайын қызметкерлерден аноним сұрақтар жиналады да, кейін эфирде соларға жауап беретін дәстүр. Осы арқылы компанияда нені жақсарту керегін ұғуға болады. Компанияда Dreamcoin деген ұжымжық валюта бар. Оларды алу үшін қызметкерлер компания ішіндегі іс-шараларға қатысып, конференцияларда спикер болып, +1 Илон Маск қорына көмектесуі керек. Сөйтіп жинаған DreamCoins-қа мерч алуға болады. Жаңа қызметкерлердің ұжымға сіңуі оңай болуы үшін welcome box беріледі. Әрі welcome трениң өткізіледі, менторлық бағдарлама, компания туралы барлық ақпарат бар HR портал және автомат телеграм-бот бар. Отбасы құрған, баласы дүниеге келген, жақыны қайтыс болған қызметкерлерге материалдық көмек секілді бонустар да қарастырылған. Тағы бір қызығы — туған күнінде қызметкер жұмысқа келмесе болады. Болмаса, жылдың кез келген күнінде сол күнгі демалысын пайдалана алады. Жеке мерекесіне орай, корпоративтік мерч сыйлыққа беріледі. Еңбек еткен жылына қарай сыйлықтар да қарастырылған.

Astana Hub: чилл аймақ, Discount Club және KPI орындағанға — бонус

 Astana Hub-та менторлық, бейімделу, ішкі оқыту және рекрутиң (реферал бағдарлама) бағдарламалары бар. Компания осының бәрін біріктіріп, геймификация элементтері мен peer-to-peer Hub ProfIT қағидасы бар C&B бағдарламасын құрған. Телеграм-бот арқылы қызметкерлер жетістіктерін көрсетіп отырады. Осылайша Champion’s Shop ассортиментінің ішінен сыйлық таңдай алады. Сондай-ақ, қызметкерлерде Astana Hub Leadership School ішкі оқыту бағдарламасына сарапшы, тренер, спикер, ментор ретінде қатысып, білімі мен білігін бөлісуге де мүмкіндік бар. Хаб бас қаладағы EXPO аумағында орналасқан. Кеңсе соңғы технологиямен жабдықталған. Демалуға арналған чилл аймағы, кофехана, жаттығуға арналған спорт жабдықтары, вендиң аппараттар, кітап оқитын жер, шығармашылық жобаларға арналған Тик-Ток аймақ және брендті дамыту, қызметкерлердің көңілін көтеруге арналған жер бар. Қызметкерлерге арналған лоял бағдарлама Astana Hub Discount Club деп аталады. Бағдарлама аясында сыйақы және бонус алу, оқу әрі дамуға мүмкіндік бар. Компания қайырымдылық акцияларына, марафондарға, квестер мен куиздерге де белсене қатысады. Тимбилдиң мақсатында ішкі клубтар мен іс-шаралар жиі өткізіледі. Мәселен түскі ас кезінде үстел ойындарын ойнауға арналған AH Board Games Club бар. Одан бөлек, арнайы жабдықталған бөлмеде үлкен экраннан фильм қарауға болады. Аптасына үш рет, түскі үзілісте йогамен айналысуға мүмкіндік беріледі. Кітапқұмар қызметкерлерге AH Book Club бар. Сынақ мерзімінен сәтті өткен соң қызметкерге және олардың отбасы мүшелеріне медициналық сақтандыру ұсынылады. Стратегиялық KPI-ді орындаса, ол үшін бонус беріледі.

DAR: фитнес, медициналық сақтандыру және жайлы онбордиң

 DAR компаниялар тобы қызметкерлеріне нарықтағы бәсекеге сай жалақы ұсынумен қатар, медициналық сақтандыру немесе фитнес абонемент ақысын төлеп береді. Жұмыста қызметкерлер қажып кетпес үшін психологтан тегін кеңес алуға болады. Ол үшін бар болғаны компания ұсынған кестеден өзіне ыңғайлы уақытты таңдап, консультацияға жазылуға болады. Тұрақты түрде терапиядан өтуге мүмкіндік бар. Одан бөлек, қызметкерлердің жеке және кәсіби дамуына да жағдай жасалған. Компанияның аға IT-рекрутері Фархад Қасымовтың айтуынша, маман стектер бойынша жылжымаса, технологияларды меңгермесе, артта қалады. «Сондықтан біз мамандардың деңгейіне қарай даму құралдарын ұсынып отырамыз. Бізде, мәселен, DAR University бар. Мұнда ұсынылатын курстар мен мамандықтарды қызметкерлеріміз айтарлықтай жеңілдіктермен ала алады. Сондай-ақ, қазақ тілін үйренуге арналған курс бар. Оған қоса, middle және senior деңгейіндегі мамандарға митаптарға қатысып, спикер болу өте пайдалы екені белгілі. Себебі осы қатардағы қызметкерлердің жұмысы нақты кодпен істеу ғана емес, қол астындағы адамдарды басқару, оларға тапсырманы дұрыс жеткізе білу де маңызды. Бұл дегеніміз коммуникациялық және soft машықты жетілдіру керек дегенді білдіреді» дейді компания өкілі.

         Мансап жолында өсу үшін DAR компаниясында грейдиң (grading) жүйесі қолданылады. Яғни junior-лар тоқсан сайын қайта бағаланып отырады. Осылайша жаңа сатыға көтеріліп, жалақысын арттыра алады. Middle мен senior-ларға да жұмыстағы жетістіктеріне сай сыйақы беріледі. Мұнда middle-ға дейін өсу үшін, орта есеппен, 7-12 ай қажет. Жаңадан келген маманға онбордиң жасалады. Алғашқы үш ай сынақ мерзімі саналады. Осы уақыт ішінде тікелей менеджері мен HR бөлімі бағыт беріп отырады. 

Kolesa Group: еркіндік және эко-ұстаным

 Қазақстандағы алғашқы IT-компаниялардың бірі Kolesa Group-тың қызметкерлерге қандай қамқорлық жасайтынын білдік. Компанияда қызметкерлердің өзін барынша жайлы сезінуі үшін арнайы «Бақыт бөлімі» жұмыс істейді екен. Бөлім басшысы Салтанат Болатованың айтуынша, қызметкерлер жұмыста ұзақ уақыт өткізетіндіктен, өзін үйде жүргендей сезінуі керек деген ұстаным бар екен. «Біздің компаниядағы HR — қағаздар мен лауазымдық нұсқаулықтарға толы бюрократиядан емес, қызметкерлерге деген сүйіспеншілік, қамқорлық және талантты басқарудан тұрады. Түрлі түсті қабырғалар, жұмсақ жиһаз, кілемдер — бәрі қызметкерге сәйкес келіп, жайлы сезім туғызуы керек. Кеңседе тәпішке, пижама киюге болады. Ол үшін бізде киім ауыстыратын бөлме бар. Біз әр қызметкерге ортопедиялық орындыққа тапсырыс береміз. Өйткені бір орында ұзақ отыратындықтан, арқа ауырып қалады. Ал арнайы орындықтар адам денсаулығына жақсы әсер етеді» дейді компания өкілі. Бұдан бөлек, спортқа, саяхатқа, денсаулықты жақсартуға, білім алуға және т.б. мақсатта жұмсауға 200 мың теңге көлемінде әлеуметтік пакет ұсынылады. Қызметкер қалағанын таңдай алады. Аll inclusive өсу, грейдтер, жеке даму жоспарлары, менторлық бағдарлама, релокация бағдарламасы, онлайн-кітапхана, кино кештері, тимбилдиңдер, куиздер, Family Day және т.б. бар. Сонымен қатар, барлық қызметкерге үлкен мерекелерді түрлі пайдалы сыйлық беріледі. Мәселен, қызметкерлердің балаларына жаңа жылда шырша ұйымдастырылып, 8 наурызда қызметкерлердің аналарына сый жасалады дегендей.

Тәуліктің 8 сағаты жұмыспен өтетіндіктен, Kolesa Group кеңседе комфорт жағдай жасауға тырысады. Барлық 6 кеңсе ашық түстерге боялып, безендірілген. Жұмсақ жиһаздарда отырып демалуға не жұмыс істеуге болады. Мысалы Шевченко-3-тегі кеңсенің негізгі концепті — экологиялық. Бірінші қабаты жасыл желекпен безендірілген, ағаш декорация да бар. Басқа қабаттарда да белгілі бір гаммасы пайдаланылған: екінші қабат — сары (күн сәулесі), үшінші қабат көк (аспан түстер) түсте. Сондай-ақ, бұл кеңседе кофе-поинттер бар. Осылайша компания нағыз лофт жасауға тырысқан.