Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Siemens Energy компаниясының өкілдерімен кездесіп, компанияның Қазақстандағы ірі энергетикалық жобаларға атсалысу мүмкіндігін талқылады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Нақты айтқанда Siemens Energy технологиясын пайдалана отырып, Алматыдағы қуаты 600 МВт ЖЭО-2 және 480 МВт-тық ЖЭО-3 нысанын көмірден газға ауыстыру жобаларын жүзеге асыру көзделіп отыр.
Компания Қазақстандағы энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін, жобаға қажетті жабдықтарды жеткізетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Siemens Energy компаниясының өкілдері қазақстандық делегацияның назарына энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту саласындағы инновациялық жаңалықтарды ұсынды.
Сапар барысында қазақстандық делегация Германияның DENA энергетикалық агенттігінің өкілдерімен де кездесті. Агенттік мамандары Қазақстанда жүзеге асыру жоспарланған карбон менеджментке арналған пилоттық жобаны, сондай-ақ СО2 ұстау және сақтау бойынша бірегей әзірлемелерді таныстырды. Тараптар өзара серіктестіктің келешегін зерделеуге келісті.
Айта кету керек, Siemens Energy компаниясының қатысуымен Қазақстан БЭЖ-нің Батыс және Оңтүстік аймақтарындағы электр желісін нығайту және Батыс және Оңтүстік өңірлердегі электр желілері объектілерін салу жобалары бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр.