ЕО бірқатар елдермен қатар Қазақстанды да Ресей мен Иранға дрон бөлшектерін жеткізуді тоқтатуға шақырды

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Еуропалық комиссия сарапшылары Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар елдерге ескерту жасап, тиісті шараларға мән беруге шақырады. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да бар.

Брюссель Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Вьетнам және Коста-Рика үкіметтеріне үндеу тастады.

Егер аталған мемлекеттер Ресей мен Иранға дрон-камикадзелердің қосалқы бөлшегін жеткізуде ыңғай танытуын тоқтатпаса, жанама санкцияларға ілінуі мүмкін. Мұндай санкция салынған жағдайда мемлекеттер ұшқышсыз ұшақ түрлерін импорттау мүмкіндігінен айырылмақ. Бұл хақында The Guardian жазды.

ЕО Түркияға ұшқышсыз ұшақтың кейбір компоненттерін сатуға тыйым салуды көздейді. Себебі, Иран мен Ресей Украина қалаларын атқылау үшін құрылғыларды Анадолы елінен сатып алып отыр.

Еуропалық Одақ мұндай тоқтамға 47 беттік құжатты сараптағаннан кейін келген. Құжатта Украина үкіметі «басқыншылық барысында» батыс технологиялары қалай қолданылып жатқанын егжей-тегжейлі баяндайды. Сондай-ақ, Ресей, Иран және Сириядағы дрондар өндіретін нысандарға қарсы соққы жасау мәселесін қарастырады. Бұл бағытта ұзақ қашықтыққа арналған зымырандарды қолдануға шақырады.

Иран құрылғыға қажет компоненттерді қайдан алып отыр?

Бұл сауалдың мәнісіне ЕО сарапшылары үңіліп көрді. Тамыз айында Украина тарапынан «Үлкен жетілік » елдері үкіметтерінің қарауына ұсынылған құжатта бұған қатысты да ақпарат бар. Онда кейінгі үш айда Батыс технологиясымен жабдықталған ҰҰА-ны (ұшқышсыз ұшу аппараттарын) қолдана отырып Украина қалаларына 600 рейд жасалғаны айтылыпты.

Басылым хабарланғанындай, Еуропа компанияларының өзі де «судан ақ, сүттен таза емес». Британ трансұлттық корпорацияның поляк филиалы және төрт еуропалық компания ұрыс құралы компоненттерінің бастапқы өндірушілері екені анықталды.

Дегенмен, бұл батыс компанияларының қандай да бір құқық бұзушылықтары туралы ешқандай хабар жоқ. Құжатта мұндай көлеңкелі сауданы бақылаудың қиын екені айтылады.

Ұшқызсыз ұшақ шығаратын Иран өндірісі негізінен нарықтағы, саудаға салынатын компоненттерді қолданады. Олардың жеткізілімі мен сатылымын бақылау ешкімнің ойына да кіріп-шыққан емес, – делінген.

Сонымен қатар, басылым кедендік ақпаратқа сүйене отырып, «Иранға импорттың барлығы дерлік Түркиядан, Үндістаннан , Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Вьетнамнан және Коста-Рикадан келеді» деп жазады.

Еуропалық комиссияның өкілі аталған елдер арқылы түрлі компоненттердің Иранға жетуіне қатысты пікір білдірді. Мұндай деректер аталған елдердің саудасына кері әсерін тигізсе де, санкцияларды қатаң түрде орындауы керек екенін нақтылады.

«Бұл ЕО санкцияларына жататын тауарларды экспорттайтын шетелдік операторларды мұқият бақылау қажет дегенді білдіреді. біз ЕО-дан осы елдерге экспортталатын тауарлардың Ресейге жетпеуін қамтамасыз ету үшін үшінші елдер билігінен қолдау сұрадық», – деді Еуропалық комиссияның өкілі.

Реті келгенде айта кетейік, 28 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары кезінде Қазақстанның санкция шарттарын қатаң сақтайтынын айтты. Ел басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бергенде бұған қатысты:

Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан. Санкцияны айналып өту мәселесіне келер болсақ, Қазақстан санкция режимін мүлтіксіз сақтайтынын мәлімдеді. Біз санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыстамыз. Германия тарапының санкция режимін айналып өту ықтималдығына қатысты ешқандай күмәні болмауға тиіс деп ойлаймын», – деді.

Сондай-ақ оқыңыз