Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған

Жарияланды
Фото: Ақорда

Германия мен Қазақстанның екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткен. Бұл жайлы Германия экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның табандылық, нақтылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген бизнес жүргізу тәсілін жоғары бағалады. Сондай-ақ «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» формула бойынша өнім шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін айтты.

Қазақстан, ең алдымен, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын екенін айтып, өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағыттарын атап өтті.

«2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан мен Канцлер Олаф Шольцке бірлескен шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Бұл бастама үкіметаралық серіктестік туралы қолданыстағы келісімдермен қатар, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мен Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Ал Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл инвестицияның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Сонымен бірге президент жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты тағы бір перспективті бағыт ретінде атап өтіп, «жасыл» сутегінің әлемдегі жетекші өндірушісі болу үшін елімізде барлық алғышарттар бар екенін айтты.

Қазіргі уақытта Қазақстан Германия мен Швецияның бірлескен Svevind Group компаниясымен «жасыл» сутегін өндіру жөнінде сомасы 50 миллиард доллар болатын келісім жасаған. Бұл – әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Алдағы уақытта «жасыл» сутегі өндірісі «жасыл» болат, алюминий және басқа да металдарды өндіруге жол ашуы мүмкін.

Президент Германияның технологиялық шешімдерін Қазақстанның табиғи және адами ресурстарымен ұштастыру жоғары нәтижелерге жеткізетініне сенім білдіре келе, Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

Жиын барысында Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер, Германия өнеркәсібі федералдық одағының (BDI) басқарма мүшесі Вольфганг Нидермарк, сондай-ақ Deutsche Bahn, Knauf, Wilo, BASF, Rhenus, Svevind және басқа да бірқатар ірі компанияның топ-менеджерлері баяндама жасады. Олар экономиканың нақты салалары бойынша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ оқыңыз