HMS Bergbau AG Қазақстанда литий комбинатын салуға 500 млн доллар бөледі

Жарияланды

фото: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

HMS Bergbau AG Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қайта өңдейтін кен байыту комбинатын салмақ. Компанияның басшысы Деннис Швин бұған қатысты жоспарланған инвестицияның жалпы сомасы 500 миллион доллар болатын жобаны Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырды. Бұл жайлы «Ақорда» хабарлады.

Германия астанасында өткен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шетелдік инвесторларға қолдау көрсетіп, түрлі жобаларды табысты жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Сонымен қатар, әлемдегі дамыған елдер экономикасын сөз етіп, пайдалы қазбаларға, соның ішінде, литийге сұраныс артып келе жатқанын жеткізді.

Қазақстан үшін сирек кездесетін металдарды өндіру және қайта өңдеу ынтымақтастықты дамытудың аса маңызды бағыттарының бірі. Бұл бағытта тау-кен өндіру өнеркәсібіне қолайлы реттеу экожүйесін қалыптастыру аса маңызды.

HMS Bergbau AG – Германиядағы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналысатын жетекші тәуелсіз компаниялардың бірі. Бұл компания АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ, Ботсвана мемлекеттерінде шикізат өндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сондай-ақ оның Қытайда, Үндістанда, Кенияда, Малайзияда, Пәкістанда, Шри-Ланкада, Бангладеште және Вьетнамда өкілдіктері бар.

Сондай-ақ оқыңыз