Жаңалықтар

Ірі мемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлері 2022 жылы қанша табыс тапты?

Фото: freepik және shutterstock

«Курсив» елдегі негізгі мемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлері былтыр қанша табыс тапқанын және олардың алған сыйақысы 2021 жылмен салыстырғанда қалай өзгергенін есептеп көрді. Былтыр жыл басында Президент Тоқаевтың «квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау бойынша» ұсыныстар әзірлеуге пәрмен бергенін ескерсек, есеп нәтижесі ерекше қызығушылық тудырады.

«Самұрық-Қазына қоры өзінің басты міндеті – ұлттық байлықты еселеп жатыр ма» деген орынды сұрақ туындайды. Жоғары жалақы алатын қызметкерлер мен директорлар кеңесі не істейді? Өте қымбат консалтингтік компаниялар мен шетелдік мамандарды жалдаудың мағынасы бар ма?» – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 11 қаңтарында парламентте сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысы бүкіл Қазақстанның экономикалық дамуы Ұлттық әл-ауқат қорының тиімді жұмыс істеуіне тікелей байланысты екенін атап өтті. «Қорды реформалай алмасақ, мұндай құрылымның біздің экономикамызға қажеті жоқ», – деп атап өтті президент.

Аудиттелген есепке сәйкес, былтыр «Самұрық-Қазына» қорының негізгі менеджерлеріне жұмсаған шығыны 18,6%-ға (616 млн теңгеден 730 млн теңгеге дейін) өскен. Курсивтің есебіне сәйкес, 2022 жылы Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма мүшелері бір жыл бұрынғыдан 47,5% артық табыс тапқан: олардың орташа айлық сыйақысы (салық пен басқа да міндетті аударымдарға дейінгі) 2021 жылғы 4,6 миллион теңгеден 2022 жылы 6,8 миллионға дейін өсті. Сонымен қатар, Ұлттық әл-ауқат қорының кейбір жоғары лауазымды тұлғалары (басқарма мүшелері емес) енді еншілес ұйымдарда қосымша табыс табу мүмкіндігіне ие.

Мәселен, былтырға дейін «Эйр Астана» акционердің мүддесін қорғайтын директорлар кеңесі мүшелеріне жалақы төлемей келген. Алайда, 2022 жылы өзгеріс еніп, енді директорлар кеңесінің төрағасына тәуелсіз директорлар сияқты «жыл сайынғы тұрақты сыйақыны белгіленеді». Air Astana мәліметі бойынша, 2022 жылы директорлар кеңесінің төрағасы мен тәуелсіз мүшелері 330 мың доллар алған. Бұл айынна орта есеппен 2,5 миллион теңгеге (салықты қосқанда) тең. Осыған ұқсас тәжірибе ҚТЖ-да да енгізілген сияқты: 2022 жылға дейін «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесіндегі өкілдері сыйақы алуға құқығы жоқ еді, алайда бұл тұжырым компанияның 2022 жылға арналған есебінен жоғалып кеткен. Директорлар кеңесінің төрағасы 2021 жылдан бастап жылына 16 миллион теңге немесе айына 1,33 миллион теңге алатын «Қазақтелеком» компаниясында да осындай төлем қарастырылған.

Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры тәуелсіз директорларының жалақысы былтыр 2021 жылғы 7,1 миллионмен салыстырғанда, орта есеппен 27 пайызға өсіп, айына 9 миллион теңгені құрады. Оған қоса қор директорлар кеңесінің екі тәуелсіз мүшесі: Kaspi Bank ортақ иесі Вячеслав Ким және Сингапур азаматы Онг Бун Хвимен мерзімінен бұрын қоштасқан. Олардың орнына сол кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры директорлар кеңесінің басшысы қызметін атқарған тәжірибелі шенеунік Болат Жәмішев келді. Жәмішевтің 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейін бірден құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басшысы екенін есепке ала отырып, оған мемлекет басшысы ерекше сенім артып отыр деп болжауға болады. Бұл ретте Жәмішев олихарх Владимир Кимге тиесілі Bank RBK директорлар кеңесін басқарады.

«Самұрық-Қазына» портфеліндегі компаниялардың басым бөлігінде (Эйр Астана, Qazaq Air, «Тау-Кен Самұрық» және «ҚазМұнайГазды қоспағанда) 2022 жылы менеджмент жалақысына кететін шығын қысқарған. Дегенмен, жалақының қысқаруы – орташа жалақы азайды деген сөз емес. Мысалы, «Қазақтелекомда» басшылыққа төленетін жалпы төлем 9,2%-ға қысқарғанымен, ал басқарма мүшесі орта есеппен бір жыл бұрынғыдан 34% көп табыс тапқан. (айына 4,6 млн теңгеге қарсы 6,2 млн). Бұл топ-менеджерлер санының қысқаруымен түсіндірілетіні анық.

Былтыр 21 қаңтарда кәсіпкерлермен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық әл-ауқат қорының «саяси салмақты» адамдарды тағайындау жүйесі бұлыңғыр құрылымға айналғанын» айтты. Әрине, Президент сынынан соң, мемлекеттік компанияларда күрделі кадрлық тазарту жүрді. Жоғарыда аты аталған Қазақтелекомда 2022 жылдың сәуірінде басқарма мүшелерінің қатары тоғыз адамнан 4-ке дейін қысқарды, ал 1 ай бұрын тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды қамауға алынған еді. Артынша ол «Қазақтелекомның» 28 пайыз акциясын мемлекетке сыйға тартты.

QazaqGaz компаниясы топ-менеджерлерінің жалақы шығындары 40%-ға (377 млн ​​теңгеден 227 млн ​​теңгеге дейін) қысқарды, нәтижесінде басқарма мүшелерінің орташа жалақысы 55%-ға (айына 4,2 млн теңгеден 1,9 млн теңгеге дейін) азайды. Қаңтар оқиғасынан кейін QazaqGaz басқарма төрағасы бір кездегі беделді Қайрат Шәріпбаев (кейбір ақпарат құралдары оны Дариға Назарбаеваның күйеуі деп жазды) қызметінен кетті. Ал бір айдан кейін саяси салмақты шенеушік болған Әділбек Жақсыбеков компанияның директорлар кеңесі басшысы қызметінен босатылды. Әділбек Жақсыбековтың мансабы өзі иелік ететін Цеснабанк банкрот болғаннан кейін құлдырай бастаған еді.

«ҚазТрансОйл» басшылығының жалпы сыйақысы өзгерген жоқ (740 млн теңге), бірақ директорлар кеңесі мүшесінің орташа жалақысы 44%-ға өсті (айына 5,7 млн ​​теңгеден 8,1 млн теңгеге дейін). Компания басшысы Димаш Досанов (Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызының күйеуі) қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен айырылды. Біраз уақыттан кейін ағалы-қарындасты Ален Таңатаров пен Шара Әділова басқарма құрамынан шығарылды.

Квазимемлекеттік сектордағы ең жоғары жалақы алатын топ-менеджерлер – шетелдіктер болып отыр. Былтыр «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті британдық Питер Фостер ең көп табыс тапты (айына шамамен 33 миллион теңге). 2021 жылмен салыстырғанда оның жалақысы 27,5%-ға өсті. Одан кейінгі орында айына орта есеппен 11,6 миллион теңге алған «Бәйтеректің» үш тәуелсіз директоры (Клаус Мангольд, Филипп Йео және Томас Миров) келеді. Олар өз қызметін тура 9 жыл атқарып, былтыр келісім-шарт мерзімі бітті. Олардың орнына үкімет француз Мари-Хелен Берард, америкалық Даниэль А.Витт және неміс Манфред Грундкені әкелді.