Жаңалықтар

Мемлекет басшысы «C5 + Германия» диалогы елдер арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті

Мемлекет басшысы жиында «C5 + Германия» диалогы туралы бастама елдер арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ мемлекеттері көшбасшыларының бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға болатын ықпалдастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық қарым-қатынас, жаңа көлік-транзит дәліздерін дамыту, энергетика саласындағы кооперация мәселелеріне назар аударды.

Кездесу барысында климаттың өзгеруіне және су тапшылығы проблемасына баса мән берілді. Жиынға қатысушылар мұздықтардың еруіне және Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты мәселелерді талқылады. Қазақстан Президентінің пікірінше, Германияның аталған проблемаларды шешудегі тәжірибесі аймақ үшін аса маңызды.

Мемлекеттер басшылары Орталық Азия өңірі мен Еуропа Одағы төңірегіндегі геосаяси жағдайға қатысты мәселелерді де қозғады. Сонымен қатар Ауғанстандағы қазіргі жағдай қарастырылды.

Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Украинадағы дағдарыс Еуропаның, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етеді деген пікір айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған жауап ретінде өзара тиімді бейбіт шешімдер іздеуге бағытталған салиқалы дипломатия қажет екенін тағы да мәлімдеді. Мемлекет басшысы тараптардың нақты келіссөздерге кірісуі қажет екеніне назар аударды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту қажет екеніне тоқталды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ғылым және білім салаларындағы бірлескен жобаларды, неміс тілін оқыту бағдарламаларын іске асыруды қолдады.

Сонымен қатар кездесуде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов сөз сөйледі.