Жаңалықтар

Неміс компаниясы Қазақстанда 500 млн долларға литий өндіретін кен байыту комбинатын салады

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары барысында, Berlin Global Dialogue форумына қатысып, іс-шара аясында бірнеше мемлекеттердің президенттерімен және ірі неміс компанияларының басшыларымен кездесті.

Мемлекет басшысы HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швиндті қабылдады. Президент Қазақстанның шетелдік инвесторларды қолдайтынын және жобаларды табысты іске асыру үшін қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.

HMS Bergbau AG басшысы Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қайта өңдейтін кен байыту комбинатын салу жобасын таныстырды. Компания басшысының айтуынша, жоспарланған инвестицияның жалпы сомасы – 500 миллион доллар.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай инвестициялық жобалардың ел экономикасы мен оның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін маңызды екенін атап өтті.

Әлемнің дамыған елдерінің экономикасы тарапынан литийге сұраныс артып келе жатқанына назар аударған мемлекет басшысы, сирек кездесетін металдарды өндіру және қайта өңдеу ынтымақтастықты дамыту аса маңызды бағыттардың бірі екенін айтты. Осы ретте тау-кен өндіру өнеркәсібіне қолайлы реттеу экожүйесін қалыптастыру үшін Қазақстан бар күш-жігерін жұмсайды.

«HMS Bergbau AG компаниясы осы жжылдың басынан бері Қазақстанда тиісті барлау жұмыстарын өткізіп жатыр. Барлау жұмыстардың алғашқы нәтижелерін келесі жылы көреміз», деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

HMS Bergbau AG – Германиядағы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналысатын жетекші тәуелсіз компаниялардың бірі. Бұл компания АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ, Ботсвана мемлекеттерінде шикізат өндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сондай-ақ оның Қытайда, Үндістанда, Кенияда, Малайзияда, Пәкістанда, Шри-Ланкада, Бангладеште және Вьетнамда өкілдіктері бар.