Жаңалықтар

Қазақстан Еуразиядағы басты транзит торабы ретінде өз позициясын күшейтуге ниетті 

Фото: Ақорда

Қазақстанда HHLA компаниясының филиалы ашылады. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың HHLA компаниясының басқарма төрағасы Ангела Титцратпен кездесу барысында айтылды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Германияның көлік және логистика саласын дамытуда аталған компанияның маңызды рөл атқаратынын айта келе, оның елімізде филиал ашу туралы шешімін құптады.

Еліміз Еуразиядағы басты транзит торабы ретінде өз позициясын күшейтуге ниетті екенін жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыда маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан құрғақ және сұйық жүктерді тасымалдауға арналған жаңа танкерлер сатып алуға және Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын жаңғыртуға қаржы тартуға мүдделі екенін айтты.

HHLA (Hamburger Hafen und Logistik) – жетекші еуропалық логистикалық компания. Кәсіпорын Гамбург, Одесса, Таллинн, Триест қалаларындағы теңіз порты терминалдарына, сондай-ақ олармен байланыстырылған Орталық және Шығыс Еуропадағы интермодальдық тораптар желісіне иелік етеді.

Еске сал кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды. Сапар барысында Berlin Global Dialogue форумына қатысып, іс-шара аясында бірнеше мемлекеттердің президенттерімен және ірі неміс компанияларының басшыларымен кездесті.