фото: total.kz
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті сақтандыруға қатысты автокөлікті сақтандыру бағасы әр өңірдегі жол-көлік апатының көрсеткішіне байланысты болады. Бұл жайлы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді.
«2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап автокөлікті сақтандыру оңтайлы тарифке ауысады. Міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу кезінде әр өңірдегі апатты жағдайлар есептеледі, әр өңірдің көрсеткіші белгіленеді және оған байланысты тарифтер реттеледі», – деді Хаджиева жұма күні ҚР сақтандыру секторын цифрландыру жөніндегі брифингте.
Оның айтуынша, сақтандыру ұйымдары түзету коэффициенті есебінен аталмыш тарифті өздігінен ұлғайтуға немесе азайтуға құқылы, бірақ құбылту межесі 10%-дан аспайды.
Құзырлы мекеменің деректері бойынша, мұндай тәсіл апат деңгейі төмен өңірлерде тұратын халық үшін сақтандыру құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
«Біздің алдын ала есептеулеріміз бойынша, 11 өңірде көрсеткіш төмендеп, екі өңірдегі сақтандыру сыйлықақыларының мөлшері сол деңгейде қалады. Нақты нәтиже Атырау, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан облысында байқалады деп күтеміз. Ал Қазақстанның жеті өңірінде жол апаты көрсеткішінің жоғары болуына байланысты сақтандыру құны біраз артады деп ойлаймыз. Олар: Жамбыл облысы, Қызылорда, Шымкент, Астана», – деп толықтырды Хаджиева.
Көптеген мемлекеттік дерекқорлармен біріктірілген Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқор (бұдан әрі – СБДҚ) маңызды элемент. Бұл шарт жасасу, сонымен қатар клиентке төлемді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді қашықтан алуға мүмкіндік береді. СБДҚ тек онлайн сақтандыру ғана емес, бүкіл сақтандыру секторы бойынша деректерді жинау үшін ақпараттық-технологиялық платформа.
«Сапалы статистиканың болуы клиенттің мүддесін есепке ала отырып сақтандырудың жаңа өнімдерін жасауға, кросс-сатуды дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, міндетті автосақтандыру бойынша СБДҚ-да сақтандыру сыйлықақысын есептеу автоматтандырылған. Жүргізушінің апатқа ұшырауы бойынша жинақталған статистика ескеріледі, жүргізушінің кінәсінен апаттар неғұрлым көп болса, ол сақтандыру құжаты үшін соғұрлым көп төлейді», – деді Мария Хаджиева.