«Стати ісіне» қатысты Қазақстанның 1 млрд долларға жуық шығынға батқаны рас па? Әділет министрі жауап берді
«Стати ісіне» қатысты Қазақстанның миллиард долларға жуық шығынға батқаны жайлы ақпарат тарауда. Бұл мәселеге қатысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев түсініктеме берді.
Журналистер министрге «Стати ісіне» қатысты бірнеше сұрақ қойды.
«Жақында Анатол Стати сұхбат беріп, онда: «Қазақстан бізге 560 млн доллар төлемей қойды. Бірақ 13 жылда Қазақстанның сотқа жіберген шығыны 1 млрд долларға жетіп қалды» деп айтқан екен. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Қашан бұл іске нүкте қойылады?» деп сұрады.
Өз кезегінде Азамат Есқараев бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты:
«Бұл жалған ақпарат. «Стати ісіне» қатысты Қазақстанның миллиард долларға шығынға батқаны жайлы ақпарат шындыққа жанаспайды. Негізінен, «Стати ісі» сондай шу шығаратын ауқымды іс емес, ол әдеттегі арбитражды дау. Сол себепті бұл мәселені даурықтырып қажет емес деп санаймын. Бізде мұндай тағы бірнеше іс бар. Ал шығынға келер болсақ, бұл қаражат жыл сайын транспарентті негізде бюджетке кіріп отырады. Яғни бұл шығын парламент бекіткен республикалық бюджет есебінде қарасытырлған», деді.
Ал 13 жылға созылған соттың нүктесі қашан қойылатыны әлі белгісіз.
«Соттан күтетін нәтижелерге келер болсақ, біз қазіргі таңда тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Әр елдің юрисдикциясы бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Сонымен бірге оларды кейбір елдерде қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Ал нақты қашан аяқталатынын, қандай нәтиже шығатынын әлі айту ерте», деді министр.
Ал Қазақстанның бұл іске шындығында қанша көлемде қаражат жұмсалғанын ашып айтпады.
Еске сала кетсек, осы жылдың ақпан айында Амстердам соты ағайынды Анатол мен Габриэль Стати және «Стати» компаниясының «Самұрық-Қазынаға» қарсы шағымы орынсыз деп тапты. «Самұрық-Қазына» қорының хабарлауынша, сот кәсіпкерлерге Ұлттық әл-ауқат қоры мен Қазақстан Республикасының сот шығындарын төлеуді міндеттеген.
Ал 25 қыркүйек күні Әділет министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан KMG Kashagan B.V.-дағы акцияларына қатысты істе толық жеңіске жеткенін хабарлады.