Уран бағасы көтерілген шақта «ҚазАтомӨнеркәсіпке» жаңа басшы тағайындалды

Жарияланды
фото: kursiv.media

2023 жылдың 28 қыркүйегі күні «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-сының басшылық құрамында өзгерістер болғаны хабарлады.

«Қазатомөнеркәсіп» өкілдерінің хабарлауынша, Ержан Мұқанов 2023 жыл, 2 қазаннан бастап компания Басқарма төрағасы қызметін босатады. «KAZAKH INVEST» Басқарма төрағасы қызметін атқарған Мейіржан Юсупов «ҚазАтомӨнеркәсіптің» жаңа басшысы болып тағайындалды.

«Мұқанов мырзаға бүгінгідей геосаяси жағдайлар шиеленіскен кезде белсенді қызмет атқарып, компанияны табысты басқарғаны үшін Компания директорлар кеңесінің атынан алғыс білдіремін», – деді Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесінің төрағасы Арман Арғынғазин.

Сонымен қатар, Арман Арғынғазин Мұқанов басшылығы кезіндегі өндірістің қарқын алып, уран экспорттаудағы халықаралық Транскаспий бағыты кеңейгенін айтты.

Мұнымен қоса, ақпараттық хатта «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-сының жаңа басшысына қатысты мәлімет берілген:

Компанияның Директорлар кеңесінің шешімімен «KAZAKH INVEST» Басқарма төрағасы қызметін атқарған және 2015-2020 жылдар аралығында «ҚазАтомӨнеркәсіптің» экономика және қаржы жөніндегі бас директоры болған Мейіржан Юсупов мырза жаңа басшы болып тағайындалды.

Ел экономикасындағы алпауыттардың бірін тізгіндеген Мейіржан Юсупов компаниядағы басым бағыттарды саралай келе:

«Менің еңбек жолымның басым бөлігі ҚазАтомӨнеркәсіппен байланысты. Өз басым уран нарығының қарыштап дамитынына бек сенімдімін. Уран саласында болып жатқан тарихи оқиғалар кезеңінде ҚазАтомӨнеркәсіптің Басқарма төрағасы қызметіне келгенім көңілге қуаныш сыйлайды. Компанияның еңбекті қорғау, денсаулық және экология, корпоративтік басқару, әлеуметтік жауапкершілік және ашықтық мәселелеріне басымдық бере отырып, оның барлық стейкхолдерлері үшін ұзақ мерзімді құндылық құруға деген мақсат-мұратынан айнымаймын деп ойлаймын», – деп пікір білдірді.

Мейіржан Юсупов «Экономика және басқару» мамандығы бойынша Таяу Шығыс техникалық университетін аяқтаған, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін бітірген, Гарвард университетінде «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистрлік білім алған.

Юсупов 2015-2020 жылдары Қазатомөнеркәсіптің экономика және қаржы жөніндегі бас директоры қызметін атқарды.

Компанияның хабарлауынша, Юсупов шығындарды оңтайландыру, трансформациялау және цифрландыру бағдарламалары сәтті жүзеге асыруға жетекшілік еткен. Компанияны IPO-ға дайындау және шығару кезеңінде шешуші рөл атқарған.

Бүгіндері нарықта уран бағасы көтеріліп тұр. Естеріңізде болса, шикізаттың құны бір фунт үшін 70 долларға дейін өскенін жазғанбыз.

Жалпы, қыркүйек айындағы және соңғы жылдардағы көрсеткіштер бойынша рекорд бір фунт үшін 65,5 долларды құраған. WMC Energy сарапшылары жаңа уран кен орындарының болмауына байланысты баға Фукусима апатына дейін болған 73 доллар деңгейінен әлдеқайда асып кетуі мүмкін деген болжам айтады. Ал соңғы айда акциялары 38%-ға қымбаттаған. Сарапшылар мұндай құбылыстардың «Қазатомөнеркәсіп» үшін бұл жақсы болжам екенін хабарлайды.

Сондай-ақ оқыңыз