Армения билігі Әзірбайжанға қарсы БҰҰ сотына шағым түсірді
фото: kursiv.media
Армения билігі Әзірбайжанның «»жергілікті сипаттағы терроризмге қарсы іс-шараларына» қатысты БҰҰ сотына шағым түсірді. Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты «нәсілдік кемсітуге» барды деп айыптады. Қазір БҰҰ сарапшыларының даулы аймаққа жіберілгені хабарланған. Бұл жайлы БҰҰ сотында түскен шағымда айтылды.
Ереван билігі халықаралық ұйым саясатының асында Әзірбайжанға қатаң талап қоюды көздейді. Бұл туралы 29 қыркүйек, жұма күні, жарияланған соттың баспасөз хабарламасында айтылған. Шағымданушы тарап Таулы Қарабақта нәсілдік кемсітудің барлық түрлерін жою туралы халықаралық конвенцияны сақтауды сұраған.
Сондай-ақ, Әзірбайжанды айыптап, осы конвенция шеңберінде «өз міндеттемелерін бұзуы мүмкін кез келген шаралардан бас тартуы керек» деп көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, Ильхам Әлиев үкіметін Таулы Қарабақтан кетуге үгіттеуді, таласқа түскен аймақтағы армян халқына қол ұшын созуды және коммуналдық жүйені қалпына келтіруге көмектесуге міндеттеуді сұрайды.
Құжатта Таулы Қарабаққа БҰҰ мен Қызыл Крест өкілдерінің барып, даулы мәселеге араласуы да сұралғаны жазылады.
WN жариялаған деректерге сенсек, Ереван Бакуден Таулы Қарабақ билігі берген азаматтық хал актілерді жарамды деп тануды, «қазіргі немесе бұрынғы саяси өкілдерге немесе әскери қызметшілеріне қарсы жазалау шараларын қолдануды» тоқтатуды талап етіп отыр. Әрі Әзірбайжан әскери және құқық қорғау органдары өкілдеріне Таулы Қарабақтағы азаматтық нысандарын тастап кетуді міндеттеген. Армян мәдени мұрасының ескерткіштерін бұзуға тыйым салуды өтінген.
Айта кетерлігі, Әзірбайжан Үкіметі де БҰҰ-мен Таулы Қарабаққа халықаралық миссия жіберу туралы келісімге келді. БҰҰ Бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик брифингте бған қатысты мәлімдеме жасап, осы аптаның демалыс күндері аймаққа баратынын мцлімдеді.
Бұл 30 жылдағы алғашқы миссия. Негізгі міндет – жергілікті жағдайды және адамдардың гуманитарлық қажеттіліктерін бағалау. Айтқаным аймақта қалғандарға да, одан шығатындар да қатысты, деп атап өтті Дюжаррик.
Естеріңізде болса, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап мойындалмаған Арцах Республикасы таратылатынын бұрын жазғанбыз. Мойындалмаған Арцах Республикасының Президенті Самвел Шахраманян 2023 жылдың 19 қыркүйегінде қалыптасқан жағдайларға байланысты осындай бұйрыққа қол қойды.
Еске сала кетсек, биыл 19 қыркүйекте Әзірбайжан мемлекеті Таулы Қарабақ аймағында «терроризмге қарсы іс-шараларды» қолға алғанын мәлімдеді. Әзербайжан СІМ-і аймақтағы бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – Армения әскери күштерін Қарабақтан толық шығару және Степанакерттегі қатаң «режимді» құрту деп мәлімдеді.
Өз кезегінде Қазақстан Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын растайтынын мәлімдеді.
«Қарабақ төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегінде берік қолдауын тағы да растайды, сондай-ақ барлық мәселелерді БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайды», делінген СІМ мәлімдемесінде.
Ал 20 қыркүйек күні Таулы Қарабақ билігі атысты тоқтатып, Әзірбайжанды орталық атқарушы орган ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Мойындалмаған республика билігінің хабарлауынша, біржақты атысты тоқтату туралы шешім Таулы Қарабақта орналасқан ресейлік бітімгершілік контингенттің араласуымен жүзеге асқан.
Ал 21 қыркүйекте армяндықтар Таулы Қарабақ капитуляциясынан кейін Пашинянның биліктен кетуін талап етіп, наразылыққа шықты. Алаңға жиналған наразы халық Армения үкіметінің Қарабақтағы армян сепаратистеріне қолдау көрсетпей отырғанын айыптады.