Жаңалықтар

IT-маманға кеңес: жұмыстан қажып кеткен кезде не істеу керек?

          Тапсырма таудай болып үйіліп, дедлайннан дедлайнға үлгермей кеткен кезде кім де болсын эмоциялық түрде «жанып» кетеді. Адамның жұмыстан қажып, қашып кеткісі келуі — қалыпты жағдай. Ол сіздің әлсіздігіңізді яки жұмысқа қабілетіңіздің төмен екенін білдірмейді. Бар болғаны қалыпқа келу үшін не істеу керегін білсеңіз, жетіп жатыр.

Жеңіл деңгейдегі шаршау сезімі

          Жұмыстан шаршаудың бірнеше түрі мен деңгейі болады. Бүгінгі материалымызда жеңіл, орташа және асқынған деңгейлерді сөз етеміз. Бастапқы  немесе жеңіл деңгейге кеңседе отыратын, бес күн істеп, екі күн демалатын, еңбек демалысын тұрақты түрде алатындарды жатқызамыз. Яғни жұмыс кестесі әдеттегідей, кейде мойнына көп міндет ілінетіні болмаса, жалпы алғанда қызметі өзі ұнайтын адамдардың типі. Қанша жерден жұмысы көңілінен шықса да, арагідік шаршап, бәріне қолды бір сілтегісі келетін сезім болып тұрады. Мұндайда не істеген дұрыс?

  • Өзіңізге жақсы әсер ететін, шаршауды басатын демалыс түрін табыңыз. Мысалы бір адамдарға мүлдем ештеңе ойлама, ештеңемен айналыспай, үйден шықпай жатқан ұнайды. Қаласаңыз, тамақ та істемеңіз. Демалыс алыңыз да, бір апта, бәлкім одан ұзақ уақыт бойы солай үйде жатыңыз. Енді біреуге сағаттап сериал қараған көмектеседі. Көптен бері жаңа сериясы жиналып қалған сүйікті сериалыңызды қосып, тамашалаңыз. Газдалған сусын, чипс пен бургер әкеліп, одан сайын кешті қыздырсаңыз болады. Мұндай демалыс тәсілі әркімде әртүрлі. Бастысы, сізге не ұнайды — сонымен айналысыңыз. Көбіне IT-мамандар белсенді демалысты жақсы көреді. Жүгіру, марафондарға қатысу, велосипед тебу, экстримге толы спорт түрлері секілді нұсқа толып жатыр. Бұрын-соңды айналысып көрмесеңіз, неге эксперимент жасап көрмеске? Бәлкім, ұнап қалар.
  • Жұмыс пен демалысты араластырмаңыз. Біреуімен айналысып жатқанда екіншісін қосып, «ботқа» қылудың қажеті жоқ. Еңбек демалысына шыққаныңызбен, жарты сағат сайын смартфонға не ноутбукке үңіле берген жөн емес. Тіпті сіз болмасаңыз, жұмыс «құлап» қалатын болса, кемінде белгілі бір уақыт аралығын белгілеп, келісіп алыңыз. Сол уақытта ғана байланысқа шығып тұрасыз. Яғни демалыс — шынында демалыс болуға тиіс. Мұндайда жеке шекараңызды орната білген дұрыс. 
  • Демалыс екен деп қатты шаршап қалмаңыз. Әдетте, жылына бір шыққан демалысым деп көпшілігі тым көп жоспар құрып, ақыры діңкесі құрып жатады. «Демалыстан кейін демалыс керек» деп осындайда айтады. Сондықтан демалысқа шыққан кезде жоспарлаудың жөнін біліңіз. Таңертең парапланмен ұшып, кешке қайыққа отыратын болсаңыз, шаршайтыныңыз анық. Ертесіне сол шаршаған күйі ертемен келесі экскурсияға шығып кетсеңіз, бірден айтайық: мұныңыз қате. Тың дүниенің де мөлшермен болғаны жақсы. Сонда жайлы демалыс болады. Қонақүйден шықпай жату үшін келмегеніңіз белгілі. Бірақ әр нәрсенің шегі білген одан да жақсы. Баланс барлық жерде керек. Онсыз болмайды.

Орта деңгейдегі шаршау сезімі

          Бұл шаршау сезімі көбіне қашықтан істейтін, жұмыс кестесі қалыпсыз адамдарда туындайды. «Қалаған жерде істей беремін» деген ой адамды демалыс пен жұмысты араластырып жіберуге мәжбүрлейді. Басқа елге демалысқа кетсе де, ноутбугын қосып жіберіп, уай-файдың құпиясөзін сұрап жүретіндерге бұл сезім өте таныс. Кестені қалауынша ыңғайластырған, әрине, жақсы. Дегенмен қатты қажып кету қаупі де жоғары. Мұндайда не істеу керек?

  • Жұмыс істейтін арнайы жеріңіз болсын. Бәрінде бірдей үйінен кабинет істеп алуға мүмкіндік болмауы мүмкін. Бірақ тек белгілі бір жерде істеп әдеттенсеңіз, өзіңізге жақсы. Тіпті таңертең тұрған соң, тамақтанып алып кәдімгі жұмысқа киінгендей киінсеңіз де болады. Бұл да адамға тәртіп сыйлайды. Әйтпесе, пижамамен жатып жұмыс істей берсеңіз, уақыт өте келе шаршап, мінезіңіз де өзгере бастайды.   
  • Демалыс пен жұмысқа қатысты ритуалдар ойластырыңыз. Жоғарыда айтқандай, таңертең тұрасыз, кофе ішесіз, киіміңізді киіп, жұмысқа кірісесіз. Жұмыс уақытын да өзіңіз үшін нақтылап, бекітіп қойыңыз. Жұмыс біткен кезде келесі ритуалды жасайсыз. Душқа түсесіз бе, жоқ әлде тамақ істейсіз бе — өзіңіз білесіз. Бастысы, сол сағат болған соң ноутбукты қайтадан ашпаңыз. Сонда сізде жұмыс пен демалыстың шекарасы айқындалады.  

Асқынған шаршау сезімі

          Мұны психологияда «жанып» кету дейді. Оның белгілері мынадай: қанша демалсаңыз да, шаршауыңыз басылмайды. Түнде ерте жатқан күннің өзінде таңертең бүкіл әлемді жек көріп оянасыз. Әл жоқ, бүкіл шаруаны соңына дейін созып жүріп аласыз. Жұмыс туралы ойлай бастасаңыз болды, апатия қоса басталады. Мұндайда не істеу қажет?  

  • Дұрыстап ойланып көріңіз. Мәселенің бәрі тек жұмыста ма? Яғни сол жұмыстың ауырлығы болмаса, басқа жағынан өміріңізде бәрі дұрыс па? Әлде жұмыстан шаршағаныңызға қоса, туыстарыңыз да бітпейтін шаруасын айта ма? Бәлкім, араласатын ортаңызда негатив басым шығар. Сөйтіп солардан қашу үшін жұмысқа «баспен» кіріп кетесіз. Мұндай өте жиі кездеседі. Бір қарағанда еңбекқор адам болған жақсы. Көп істеп, көп тапқан да керемет. Басшылық та мұныңызды көріп, лауазымыңызды көтеріп қалуы мүмкін. Бірақ шекара керек. Сондықтан өзіңізбен сырласып көріңіз. Осылайша нақты себебіне үңіліңіз. Сіз неден қашып жүрсіз? Егер түбіне жету қиын болса, психологқа барып, кеңес алған дұрыс. Оның көп көмегі тиеді.
  • Жұмыс ауыстырыңыз. Өмір бойы бағдарламалаумен айналысып, аяқ-асты бизнеспен айналысамын дегендей өзгеріс болуы міндетті емес. Сол мамандықта қалып, бірақ басқа жобамен айналысып көруге болады. Бәлкім, қызмет ауыстырып, өзге компанияға кіріп көрерсіз. Ал енді соның өзінде еш өзгеріс болмаса, онда шынында басқа салаға ауысу керек деген сөз. Айналада мұндай мысал өте көп. Айтишниктің суретші не фотограф болып кеткені туралы оқиғаларды естіген боларсыз. Эмоциялық жану сезімі деп шаршағаныңызды ұзақ уақыт бойы мойындамай, ақыры мүлдем құлықсыз болып кетуді айтады. Бұрынғы қалыпқа түсу үшін психикаңызды біршама уақыт тыныштандырып, ретке келтіру қажет.
  • Әр нәрсенің шегін біліңіз. Жұмыс пен демалыс режимі дегеніміз — «істеу керек» пен «істегім келедінің» балансы. Яғни өзіңізді шетке ысырып қойып, ұмытып кетуге болмайды. Басы артық жұмыстан бас тарта біліңіз. Бір басыңызда бес жұмыс, он жоба болса, тәуліктің жартысынан көп бөлігінде жұмыспен айналыссаңыз, сөйте тұра өзіңізді әлі де жалқау, «бұдан да артық нәрсе істесем болады» дейтін болсаңыз, онда мұны сигнал деп біліңіз. Шектеу қоюды үйрену керек. Жұмыс жүктемесін де бір қарастырған абзал. Әрине, оңай емес. Өйткені әлдекімдерге «жоқ» деуіңіз керек болады, өзіңізге кей дүниелерді рұқсат етіп үйрену керек болады. Қорқынышты көрінгенімен, алынбайтын қамалдай емес. Байқап көріңіз.  

Сіз неге дұрыс демала алмайсыз?

          Адамның табиғаты қашан да жан-жақты болғысы келеді. «Анаған да үлгерсем», «мынаны да тындырсам» деп тұрады. Кей ата-аналардың күнделіктегі бағаға қатты мән береті бар. Оған баласының жай күйі емес, сол «бестік» пен «үштік» маңыздырақ. Түртпектеп, тыныш отырғызбайды. Бос уақыт қалдырмайды. Сабақтан келсе болды — келесі шаруа дайын. Жаңа үйірмеге жазып, кестені тығыз етіп қояды. Адам бойында «ештеңе істемей отыра алмайтын» қабілет пайда болады. Босқа отыруға болмайды деген түсінік те осылай қалыптасады.

          Осылай әбден дағдыланған адам ересек болғанда құр отыра алмайтын болады. Бос уақыт шыға қалса болды, оны бір пайдалы іспен толтыру керек деп ойлайды. Жай ғана әлеуметтік желіні шолып отыра қалса, өзін кінәлап шыға келеді. Одан гөрі дамумен айналысу керек деп ойлайды. Ал енді мұндайда не істеу керек?

  • «Құр босқа отыруға болмайды» деген түсінікті жойыңыз. Тыныштықта отыруға дағдыланыңыз. Аз-аздан бастап, он минутқа таймер қойып, сол уақыт ішінде ештеңе істемей, жай ғана отырып көріңіз. Сол отырған кезде басыңызға түрлі қызық ой мен идея келіп қалуы мүмкін. 
  • Айналаныңызға анализ жасаңыз. Көбіне біздегі белгілі бір түсінік не әдет айналамыздың айтатын пікірінен туындайды. «Сен бәріне үлгересің. Уақытты құр шығындамайсың. Бұдан да үлкен жетістіктерге жете бер» деп мақтаған сайын, қанаттана түсесіз. Сондықтан демала білетін, демалыстың керек екенін, үнемі бірдеңе айналысып жүрудің міндетті емесін түсінетін, жақсы орта қажет. 
  • Психологқа барыңыз. Бірнеше жыл бұрын қоғамда психологқа баруға қатысты екіұдай ой туындайтын. Ал қазір біраз түсінік өзгерді. Соның ішінде — психологқа бару. Егер ештеңе істемей отыра алмайтын болсаңыз, осы мәселені психологқа айтыңыз. Жеке терапия мұндайда жақсы көмектеседі.