Қарағанды облысында ұшақ апатынан 2 адам көз жұмды
Жарияланды
Қарағанды облысының Балапан алаңында оқу-жаттығу ұшуын жасап жүрген P2002 үлгісіндегі UPLA286 ұшағы апатқа ұшырады. ҚР Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, әуе кемесінің экипажы қаза тапты
«30 қыркүйек күні Қарағанды облысының Балапан алаңында оқу-жаттығу ұшуын жасап жүрген P2002 үлгісіндегі UPLA286 ұшағы, ұшып шыққан уақыты 07.46-дан кейін байланысқа шықпады.
Іздестіру жұмыстары барысында қираған әуе кемесі және қаза болған екі адам табылды.
Көлік министрлігінің оқиғаларды тергеу департаменті аталған факті бойынша тергеуді бастады», – делінген Азаматтық авиация комитетінің мәліметінде.
Комитеттен нақтылағандай, әуе кемесі жергілікті уақытпен сағат 08.44-те Қарағанды облысының Доскей ауылынан 5 км жерде құлаған.