Тоқаев Германия канцлерімен өткен жиында санкциялық текетіресті сынға алды

Жарияланды

фото: Akorda.kz

ҚР Мемлекет басшысы Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуінде санкциялық текетірестерді айыптап, шектеусіз және кедергісіз сауда-саттықты жақтады. Бұл жайлы «Ақорда» хабарлады.

Қазақстан президенті елдің санкциялық текетірестерге қарсы екенін мәлімдеді. Саяси тұрғыдан салынған мұндай шектеулердің халықаралық қатынастарға сызат түсіретінін айтты.

Қазақстан санкциялық текетірестерге қарсы. Өйткені саяси тұрғыда негізделген шектеулер халықаралық қатынастардағы жалпы ахуалға сызат түсіреді және мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына кері әсер етеді. Сонымен бірге біз аймақтық саясаттағы санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүрміз. Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың өзара тиімді формуласын табу үшін сындарлы дипломатияның уақыты келді деп санаймыз. Мен бұл туралы жуырда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының мінберінде сөйлеген сөзімде айттым. Қазақстан барлық мүдделі мемлекетпен арадағы кедергісіз сауданы дамытуды және инвестициялық ынтымақтастық орнатуды жақтайды. Құрметті Канцлер, кеше экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде Сізбен және Германияның жетекші компанияларының басшыларымен табысты келіссөз жүргіздім. Мұндай ықпалдастықтың келешегі жарқын болады деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығының келешекте басым бағытқа айналатынын мәлімдеді. Бұл бағыт бойынша германиялық серіктестердің қолдауымен Қазақстанда Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құруды ұсынды.

Тоқаев агроөндіріс саласында өзара тәжірибе алмасуды, сондай-ақ оларды қолданысқа енгізуге және коммерцияландыруды көздейді.

Еске сала кетейік, 28 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары кезінде Қазақстанның санкция шарттарын қатаң сақтайтынын жеткізген. Ел басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бергенде бұған қатысты:

Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан. Санкцияны айналып өту мәселесіне келер болсақ, Қазақстан санкция режимін мүлтіксіз сақтайтынын мәлімдеді. Біз санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыстамыз. Германия тарапының санкция режимін айналып өту ықтималдығына қатысты ешқандай күмәні болмауға тиіс деп ойлаймын», – деген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз