Жаңалықтар

Еуропа нарығынан арзан балама тапты: Молдова Ресей газынан бас тартты

Фото: kursiv.media

Молдова бұдан былай Газпромнан газ сатып алмайды. Молдова Энергетика министрлігінің басшысы Виктор Парликов газдың арзан баламасын тапқанын айтқан.

«Біз бұдан былай конституциялық билік бақылайтын аумаққа «Газпромнан» табиғи газ сатып алмаймыз. Сонымен қатар, біз мұны «Газпроммен» келісімшартта көрсетілген формуладан әлдеқайда төмен бағада жүзеге асырамыз», деді Парликов Бухарестте өткен Еуро-Атлантикалық тұрақтылық форумы барысында.  

Ол Кишиневтің газды Еуропа нарығынан сатып ала бастайтынын айтқан. Жалпы газ мәселесінде шешілмеген дау бар. Соғыс басталмай тұрып «Молдовагаз» бен «Газпром» 5 жылға келісімшартқа отырып, жылына 3,3 миллиард текше метр газ жеткізуге келіскен болатын. Оның 1,2 миллиард текше метрі Приднестровьеге, ал 2,1 миллиард текше метрі Днестрдің сол жағалауына жөнелтілуі тиіс болған.

Келісімге қол қою барысында Кишиневтің «Газпромға» 709 миллион долларға бағалаған газ үшін қарызын төлеуі тиіс болған. Алайда «Молдовагаз» бар болғаны 8,6 миллион доллар төлеуге дайын екенін жеткізген.

Өйткені Молдова тарапы бұл қарыздардың негізсіз өсірілгенін анықтаған. Біріншіден, «Газпром» монополиялық жағдайды пайдаланып, жергілікті активтерді нарықтық бағасынан төменге сатып алып отырған. Сонымен бірге қарыздың кешіктірілуіне байланысты Ресей тарапы негізсіз айыппұлды көтеріп отырған. Сонымен бірге молдовалық лей құнсызданып, ол да қарыздың артуына себеп болған.

Оған қоса, Норвегиялық Wikborg Rein Advokatfirma AS және Британдық Криминалистикалық Тәуекел Альянсы жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес, 1991 жылдан 2002 жылдың желтоқсанына дейін жеткізілім үшін шамамен 278 миллион доллар қарызды құжаттардың болмауына байланысты растау мүмкін болмаған. Солайша аудиторлар қарыздардың басым бөлігін есептен шығару керек деген шешімге келген.

Ал «Газпром» аудиторлардың шешімімен келіспей, Молдоваға газ жіберуді екі есе азайтқан. Солайша Молдова жедел түрде, газдың баламалы жолдарын іздестіре бастады.

Осы жылдың қыркүйегінде Молдова «Газпромға» барлық қарызды кешіру шартымен бітімгершілік келісімге келу туралы ұсыныс жасады. Бірақ ресейлік тарап бұл ұсыныстан бас тартты. Қазіргі таңда «Газпром» арбитражды сотқа жүгінуді көздеп отыр.