Қазақстандағы салық жүктемесі әлемдегі ең төмен жүктемелердің бірі – сарапшы

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстандағы салық жүктемесі әлемдегі ең төмен жүктемелердің бірі, сондай-ақ ЕАЭО – дағы экономикаға салықтық жүктемесі де ең төмен ел саналады. Бұл жайлы Экономикалық зерттеулер институтының э.ғ.д., профессор Сара Алпысбаева өз сараптамасында жазған.

«Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы үшін экономикаға қысым жасамайтын және жеке инвестициялар деңгейін төмендетпейтін ұлттық табысты қайта бөлудің шекаралары қандай болуы тиіс деген мәселе ашық күйінде қалып отыр. 2009 жылғы салық реформасынан кейін Қазақстанда салық жүктемесі бөлігінде бизнесті жүргізу үшін жағдайлар жеткілікті қолайлы болды. Осыған байланысты мемлекеттік бюджет кірістерінің ЖІӨ-ге қатынасы төмендеді», дейді ғалым.

Сарапшы пікірінше, Қазақстанның фискалдық саясатының қалыптасқан моделі бюджеттің қайта бөлу функциясының жеткіліксіздігіне әкеп соғады. Сол үшін де экономикалық өсудің инклюзивтілігіне қол жеткізу және ЭЫДҰ стандарттарына сай болу үшін бюджеттің кірістері мен шығыстарын арттыруды, ұлттық табысты қайта бөлуде мемлекеттің неғұрлым белсенді болуы тиіс деп санайды маман.

Қазақстан негізгі өндіруші елдер арасында ЖІӨ-ге салық түсімдерінің ең төмен деңгейіне ие екен. Қазақстанның позициясын  басқа өндіруші елдермен салыстырғанда Қазақстан-ЖІӨ-нің 16,4%; Ресей-24,2%; Чили-20,2%; Канада-32,2%; Норвегия-38,2% құрайды.

Ал рейтинг нәтижелері бойынша Қазақстандағы салық жүктемесі (TTCR) 28,4% құраған. Оның ішінде табыс салығы бойынша салық жүктемесі – 16,4%, жалақыдан түсетін салық – 10,1%, басқа салықтар – 1,9% болған. Дәл осы көрсеткіштер бойынша басқа елдердің рейтингі келесідей:

  • Ұлыбритания – 30,6% (16,6%, 12,0%, 2,0%)
  • АҚШ – 36,6% (20,7%, 9,8%, 6,1%)
  • Германия – 48,8% (23,2%, 21,5%, 4,1%)
  • Ресей –  46,2% (7,4%, 36,6%, 2,2%)
  • Қытай– 59,2% (6,3%, 46,2%, 6,8%)
  • Украина– 45,2% (10,2%, 33,8%, 1,1%)
  • Беларусь– 53,3% (11,1%, 39,0%, 3,2%)
  • Өзбекстан– 31,6% (11,8%, 17,4%, 2,5%)

Яғни бұл көрсеткіштерден Қазақстандағы салық жүктемесі әлемдегі ең төмен жүктемелердің бірі екенін анық көруге болады. Сондай-ақ Қазақстанның ЕАЭО – дағы экономикаға салықтық жүктемесі де ең төмен.  Атап айтқанда, Ресей ЖІӨ-нің 34,9%, Армения – 23,5%, Беларусь – 37,7%, Қазақстан – 21,0%, Қырғызстан – 33,3%.

Қазақстанның ЖІӨ-ге мемлекеттік шығыстар деңгейі бойынша орналасуында басқа елдерден әлдеқайда төмен екен. Қазақстанның «ЖІӨ – ге мемлекеттік шығыстары» 2022 жылы басқа мұнай өндіруші елдермен салыстырғанда төмен боп шыққан. Қазақстан-ЖІӨ-нің 21,7%; Сауд Арабиясы-28,1%; Ресей-36,6%; Норвегия-38,5%; Канада, 41,7%. 

«Кірістерді неғұрлым әділ бөлуге және инклюзивті дамуға қол жеткізу үшін Қазақстан бюджет шығыстарын ЖІӨ-ге ЭЫДҰ елдерінің немесе ең болмағанда ЕАЭО-ның орта деңгейіне дейін ұлғайтуға ұмтылуы қажет. Бұл бюджеттің салық кірістерінің тиісті өсуін талап етеді. Бұл ретте мемлекеттік бюджет кірістерінің көлемі бойынша екінші бабы – «Ұлттық қордан берілетін трансферттер» – қысқартылуы тиіс», дейді сарапшы.

Сондай-ақ оқыңыз