Қазақстанға қарсы жағымсыз пікір айтқандардың тізімі жүргізіледі – СІМ

Жарияланды
ҚР СІМ

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға қарсы жағымсыз пікір айтқан азаматтардың тізімін жүргізеді. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Сыртқы істер министрлігінің апта сайынғы дәстүрлі брифингі барысында журналистер тарапынан, Украинамен соғыс басталғалы СІМ Қазақстанға қарсы жағымсыз пікір айтқан адамдардың реестрін жасап жатыр ма деген сұраққа Айбек Смадияров, мұндай тізім жүргізіледі деп жауап берді.

Алайда ол ашық жарияланбайды. Ал тізімге енген адам Қазақстанға кіре алмайды.

Сонымен қатар, ресейлік дәрігердің әлеуметтік желідегі мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
Брифингте журналист «ресейлік танымал дәрігер, эндокринолог Илья Магеря жақында әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, «…Ресей Қазақстанмен соғысуы мүмкін» деп айтқан еді. Сыртқы істер министрлігі бұл видеоны көрді ме?» деп сұрады.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров миллиондаған аудиториясы бар дәрігерге сәлем жолдап, адамдарды емдеумен айналысуға кеңес берді.

«Орынсыз сөйлеудің қажеті жоқ. Біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз жақсы, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Стратегиялық әріптес ретінде жұмыс істейміз», – деп жауап берді Смадияров.


Сондай-ақ оқыңыз