Жаңалықтар

Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді жалға алуға болады

Фото: kursiv.media

Жақында ел үкіметі «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құру туралы қаулы қабылдаған болатын. Енді Қаржы министрлігі түскен активтерді басқару тәртібін әзірледі. Ережеде негізгі 6 тәсіл анықталған. Олардың арасында мүлікті жалға беру де бар.

Қаржы министрлігі «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды іске асыру шеңберінде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ын құрып жатыр. Бұл мекеме:

  • мемлекетке қайтарылған активтерді қабылдау,
  • мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету, 
  • активтерге билік ету,
  • активтерді өткізуден түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударумен айналысады.

Қазіргі кезде басқарушы компанияны құру жарғылық капиталды қалыптатырылып,  әділет органдарында мемлекеттік тіркеу сатысында тұр.

Қаржы министрлігі бекіткен тәртіпке сәйкес, Басқарушы компания өз қаражаты және басқарушы компанияның мүлкінің құрамына қабылданған активтерді бухгалтерлік есепке алып, бөлек қаржылық есеп ұсынады. Басқарушы компания басқаруына қандай активтер түскені туралы ақпаратты веб-порталында орналастыруға тиіс.

Басқарушы компания активтерді қалай басқарады?

Активтерді басқарудың келесі әдістері қарастырылған: 

  1. мүлікті жалға беру (жалға алу/кейіннен сатып алу құқығымен жалға беру);
  2. сенімгерлік басқаруға беру (кейіннен сатып алу құқығынсыз және құқығымен);
  3. консервация;
  4. өткізу немесе сату;
  5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысымен бекітілген Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидаларында көзделген тәртіппен активтерді мемлекеттік меншікке беру;
  6. басқарушы компания айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында және актив орналасқан елдің заңнамасында көзделген өзге де тәсілдер.

Активтерді сатудан түскен ақша, қаржы түсімдері Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын қаржыландыруға жұмсалмақ. Қаржының бәрі Арнайы мемлекет қолма-қол ақшаны бақылауна түседі. Оған түскен қаржы мен жұмсалған ақшаны қазынашылық басқармасы қадағалап отырады.

2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.

Активтерді қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілерге қолданылатын болады.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен Бас прокуратура айналысады. Оның құрылымында Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Жаңа бөлімшенің құрылуы нәтижесінде Бас прокуратураның штаттық саны 114 адамға – 5836-дан 5950-ге дейін өсті.

Мамыр айының ортасында бас прокурор Берік Асылов Қазақстаннан заңсыз шығарылған 760 миллиард теңгенің елге қайтарылғанын хабарлады.

Жақында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң адал инвесторларға әсер етпейді деп мәлімдеді.