Жаңалықтар

Ресейлік Сбербанк қазақстандық банк карталарына аударым жасау функциясын тағы да бұғаттап тастады

Фото: kursiv.media

Ресейлік Сбербанк қазақстандық банк карталарына нөмір арқылы ақша аудару функциясын тағы да бұғаттап тастады. Frank Media басылымының жазуынша, бұл жағдай осы айда екінші рет қайталанып отыр.

Басылым оның қызметкерлері Қазақстандағы банктер шығарған халықаралық Visa және Mastercard төлем жүйелеріне қосылған карта нөмірлеріне бір күн бұрын қаражатты оңай аударған. Атап айтқанда, ForteBank пен Банк центкредит карталарындағы шотқа ақша аударған. Алайда ертеңіне бұл функция істемей қалған.

Сбербанк бұл қызмет үшін аударым сомасының 1%-ы көлемінде комиссия ұстап отырған. Ал аударылатын қаражат сомасының шегі 30-1500 рубльдің арасын құраған. Ал транзакцияның максималды сомасы 300 мың рубль шегінде бекітілген. Ақша аударымдарын жүзеге асыру үрдісі бір минуттан бір жұмыс күніне дейінгі уақытты қамтыған.

Қыркүйек айының басында Сбербанк жаңа опцияның іске қосылғандығы туралы хабарлады. Аударымдар, соның ішінде былтырғы көктемде Ресейден кетіп, елдегі банктерге қызмет көрсетуді тоқтатқан Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерінің карталарына қол жетімді болды. Алайда ол қызмет небары бір күн істеп, содан кейін қолжетімсіз болып қалған. Бұл жағдайдан соң Қазақстандық карталарға аударылған қаражат банк клиенттеріне кері қайтарылған болатын.

Банкте мұндай жаңа функцияның пайда болуы қызығушылық тудырып, сұранысты арттырды. Себебі халықаралық аударым жасау тетігі Ресей нарығынан Visa және Mastercard төлем жүйелерінің кетуіне байланысты қиындап кеткен болатын. Олар кеткелі әдеттегі операциялардың өзі қолжетімсіз болып қалды.