СІМ Қазақстан мен Еуроодақ азаматтары үшін виза режимін жеңілдету процесіне қатысты ақпарат таратты

Жарияланды

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі виза режимін жеңілдету бойынша Еуропалық Одақ өкілдерімен өткен кездесудің нәтижесі туралы ақпарат берді, деп хабарлайды kursiv.media.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жарты жыл бұрын елдің сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Брюссельге барғанын айтып өтті. Айтуынша, ол жерде визаға қатысты сұрақтарға жауап беретін Еуропалық Одақтың жоғары лауазымды өкілдерімен кездескен.

«Ол жерде Еуропа тарапы бізге (Қазақстанға – ред.) виза алуды жеңілдету бойынша уағдаласты. Сол келісім бойынша Брюссельдегі елшілік арқылы біз де тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Өткен аптада Қазақстанда аккредиттелген еуропалық елшіліктердің өкілімен сыртқы істер министрінің консулдық мәселелерге жетекшілік ететін орынбасары кездесті. Сол жерде Еуропа тарапы бұл процеске қызығушылық танытып отырғанын растады және бұл бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Смадияров.

Айтуынша, тізімде 27 ел бар. Сол себепті жұмыс қашан аяқталатынын белгісіз.

Айта кетейік, 2023 жылдың мамырында Мұрат Нұртілеу Брюссельде Ішкі істер бойынша Еуропалық комиссар Ильва Йоханссонмен кездесті. Нәтижесінде тараптар Қазақстан азаматтары үшін виза режимін жеңілдету туралы ресми консультацияларды бастауға келісті.

Нұртілеу Қазақстан Үкіметі заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша қабылдап жатқан шаралар туралы ақпарат берген еді.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 2017 жылдан бастап Қазақстан Еуропалық Одақтың барлық мемлекеттерінің азаматтары үшін іскерлік ынтымақтастықты, туризмді және адами байланыстарды дамыту үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізді. Визалық режимді жеңілдету қажетті құжаттар тізімін қысқартуды, визалардың ұзақтығы мен жиілігін арттыруды қамтиды.

Сондай-ақ оқыңыз