Солтүстік өңірлерде жылыту маусымы басталды
Қазақстанның бірқатар өңірлерінде жылыту маусымы басталды, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл өңірлерде ең алдымен, әлеуметтік нысандар жылытуға қосылған. Атап айтқанда,
жылытуға Астана қаласы мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары қосылған.
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 24 әлеуметтік нысанның 23-і, яғни 96%-ы қосылды. Сонымен бірге тұрғын үйлерге де ыстық су берілген. Ал Павлодар облысының Екібастұз қаласы бойынша 90 әлеуметтік нысанның 26-сы жылуға қосылған.
«Ал 3 қазаннан бастап, Алматы облысы, 10 қазанда Ұлытау облысы, 15 қазанда Алматы, Абай облысы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары жылуға қосылады», делінген хабарламада.
Астана қаласында бүгінде 240 әлеуметтік нысанның 86-сы, яғни, 35,8%-ы қосылған. Астана қаласы әкімшілігінің хабарлауынша әлеуметтік нысандар сұраныс бойынша жылуға қосылып жатыр.
«Жылыту маусымы орташа тәуліктік температура бес күн бойы +10 градус немесе одан төмен болған кезде басталады. Алдағы күндері суық ауа райы күтілмейді, ауа райы нөлден жоғары болады. Әлеуметтік нысандар сұраныс бойынша қосылған. Қазіргі уақытта 116 әлеуметтік нысан яғни мектептер мен балабақшалар, ауруханалар жылу жүйесіне қосылды», деп хабарлайды әкімдік.
Ал оңтүстік аймақтағы Шымкент пен Түркістанда жылыту маусымы 20 қазанда басталады.
Осыған дейін Алматының жылыту маусымына жалпы дайындығы 95%-ды құрайтыны хабарланған болатын. Барлық дайындық жұмыстары 1-қазанға дейін аяқталатыны айтылды.
Ал кейбір өңірлердің жылыту маусымына үлгермей қалу қаупі бар. Өйткені ЖЭО-ларда көктемде басталған жөндеу жұмыстары кешіктіріліп жатыр. Жағдайды жедел түзету үшін Әлихан Смайылов әкімдіктерге екі апта уақыт берген болатын.