АҚШ Жоғарғы соты Трампты президенттік сайлауға қатысу құқығынан айыру туралы шағымды қараудан бас тартты

Жарияланды
трамп
Фото: shutterstock

Жоғарғы сот Дональд Трамптың президенттік сайлауға қатысу құқығына қатысты шағымды тыңдамайтынын мәлімдеді. Бұл шағым экс-президенттің 2021 жылдың 6 қаңтарында АҚШ Капитолийіне жасалған шабуылдағы болжамды рөліне байланысты қозғалған.

Трампқа қарсы шағымды Респуликалық партия атынан өзін президенттікке ұсынған кандидат Джон Энтони Кастро қозғаған. Ол Трампты 2021 жылдың 6 қаңтарында АҚШ Капитолийіне шабуыл жасағандарға қолдау көрсетті деп айыптайды.

Бірақ сот бұл істі ешбір түсініктемесіз немесе дауыс берместен тоқтатып тастады.

Кастроның Трампқа қарсы дәлелдері 14-ші түзетулерге негізделген. Бұл түзетулер Азаматтық соғыстан кейінгі ережеге сүйене отырып жасалған. Оған сәйкес АҚШ Конституциясын сақтауға ант берген кез келген американдық шенеунік, егер ол «көтеріліске немесе бүлікке қатысқан болса» немесе «көмек көрсеткен болса, болашақ лауазымды атқару құқығынан айырылады».

Төменгі сот Кастроның арызы бойынша істі қабылдамады, өйткені Кастроның бұл істі даулауға заңды құқығы жоқ деп танылды.

Жалпы, Кастро 2024 жылғы президенттік сайлауға Республикалық партия атынан ұсынылған соншалықты үлкен әрі елеулі үміткер емес. Сонымен бірге оның сайлауға қатысу үшін ешқандай талаптарды дұрыстап орындамағаны белгілі болды.

Десе де, соңғы уақытта Трамптың ақ үйге оралуына жол бермеуге тырысып жатқандар көбейген. Трампқа қарсы осыған ұқсас іс Миннесота мен Колорадо штаттарының сотында көтеріліп жатыр. Бұлар Кастро ісіне қарағанда әлдеқайда күшті заңнамалық негіздерге сүйенген.

Сондай-ақ оқыңыз