Қарағанды облысының Балапан алаңында оқу-жаттығу ұшуын жасап жүрген P2002 үлгісіндегі UPLA286 ұшағы апатқа ұшырауына қатысты Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев пікір білдірді.
«Апаттан кейін бірден тергеу жұмыстары басталып кетті. Мамандар оқиға орнына барып, барлық қажетті құжаттарды жинады. Мұндай апатта әдетте үш нұсқа қарастырылады. Біріншісі – адам факторы, екіншісі – жабдықтың істен шығуы, үшіншісі – сыртқы әсерлер. Тергеу қорытындысы шыққаннан кейін нәтижесі хабарланатын болады», деді ол.
Комитет басшысы ұшқыштың 1097 сағат ұшу тәжірибесі бар, Жуковский Әскери-әуе академиясының Әскери-әуе күштерінің Жоғары оқу орталығында дайындықтан өткенін айтты. Маманға сертификат 2019 жылы берілген екен. Ол Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанты болған.
Еске сала кетсек, 30 қыркүйекте Қарағанды облысында ұшақ апаты болып, 2 адам қаза тапты.
«30 қыркүйек күні Қарағанды облысының Балапан алаңында оқу-жаттығу ұшуын жасап жүрген P2002 үлгісіндегі UPLA286 ұшағы, ұшып шыққан уақыты 07.46-дан кейін байланысқа шықпады. Іздестіру жұмыстары барысында қираған әуе кемесі және қаза болған екі адам табылды. Көлік министрлігінің оқиғаларды тергеу департаменті аталған факті бойынша тергеуді бастады», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.
Әуе кемесі жергілікті уақытпен сағат 08.44-те Қарағанды облысының Доскей ауылынан 5 км жерде құлаған.