Қазақстан халқының жыл басынан бергі өсімі 1%-ға ғана жуықтаған
фото: egemen.kz
2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі санақ бойынша Қазақстан халқының саны – 19 944 726-ге жетті. Ұлттық статистика комитеті ҚР халқының санына қатысты тың мәлімет жариялады.
Жыл басында Қазақстан Республикасының халқы 19 766 807 адам болған. Осылайша өсім 0,90% болды. Көрсеткіш 177 919 адамға артып, күз басында 20 миллионға жуықтады.
Оның ішінде келімді-кетімді мигранттар есебінен 5 897 адам қосылған.
Қолда бар деректерге сүйене отырып, қазақстандықтардың жыл басынан бергі 0,90%-ға өскенін байқауға болады. Ең жоғарғы көрсеткіш Астана (3,50%) мен Алматы қаласында (2,04%), Маңғыстау облысында (1,73%) тіркелген.
Ішкі-сыртқы көші-қон, экономикалық әлеует, әлеуметтік жағдайлар себебінен адам саны кеміген аймақтар да бар. Абай (- 0, 22%), Қостанай (- 0, 19%), Солтүстік Қазақстан облысында (-0, 45%) адам саны азайғаны нақтыланып отыр.
Комитет қаңтар мен тамыз арасында дүниеге келген сәбилердің санын да көрсетеді. Аталмыш аралықта шыр етіп дүниеге келгендер саны – 258 011.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы ең көп қойылған ұл бала есімі – Алихан, ал ең танымал қыз бала аты – Медина болған. Одан бөлек, танымал есімдердің үздік ондығына Омар, Алдияр, Амир, Айсұлтан, Али, Айша, Асылым, Айлин, Томирис сынды адам сімдері кіреді.
Жаңа санақ нәтижесі де ауыл халқының саны сиреп, қала халқының үлесі артып жатқанын жоққа шығармайды. Урбандалу үрдісінің елде жүріп жатқанын деректердегі 12 368 662 млн. болған қала халқы 7 576 064 млн. болған ауыл халқының арасындағы теңгерімсіздік арқылы тануға негіз бар.