Қазақстанда қаржы жеткілікті: бірақ оны кәдеге жарату моделі күмән тудырады
Фото: shutterstock.com
Жақында Дүниежүзілік банк Қазақстанда инклюзивті және тұрақты өсуге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны нығайтуға байланысты арнайы зерттеуін жариялады. Банк сарапшылары Қазақстандағы мол ресурс кәсіпорындардың дамуын ынталандырып, тұрақты өсімді қамтамасыз отыр деп санайды. Алайда даму моделі бірқатар сауалдарды тудырады.
Атап айтар болсақ, ол тәуекелдер:
- Өндіріс өнімділігінің баяу өсімі;
- Инфляциялық қысымның әлі де болса сақталуы;
- Адами капитал мен инновацияларға негізделген жеке сектордың өсімінің артта қалуы;
- Мүлік теңсіздігіне байланысты алаңдаушылықтың күн санап артып келе жатқаны;
- Жасыл экономикаға өтуге байланысты тәуекелдерге тап болудың жиілеуі.
Жалпы алғанда, бюджет ережесі әлі де қайта қарастыруды талап етеді дейді олар. Нақтылағанда, оның үш түрлі факторын көлденең тартады. Әуелгісі – оң нәтиже: шығындар өсіміне шек қою мұнайдан тыс тапшылықтың мақсатына жақсы қосымша болып саналады. Алайда Ұлттық қордан қаражат алуға қатысты жаңа ереже микрофискалдық басқаруды қиындатуы мүмкін. Сондықтан Ұлттық қор қаражатын өз бетінше пайдалануды жою және ретке келтіру туралы ескертпе енгізу мүмкіндігін қарастыру артық болмайды. Сонымен бірге, бюджет саясатының тиімділігіне тәуелсіз бағалау жүргізу мүмкіндігін де қарастыру қажет.
Мамандардың түсіндіруінше, бюджеттік негіздегі олқылықтарды жоюдың бірнеше амалы бар. Соның бірі де бірегейі – қарыздарды басқарудың орта мерзімді стратегиясын әзірлеу. Бұл өз кезегінде:
- Мемлекеттік қарыз алу нұсқаларын таңдау үшін шығындар мен тәуекелдердің арақатынасын сипаттауға;
- Таңдалған мемлекеттік қарыз стратегиясы туралы парламент пен қоғамды ақпараттандыруға;
- Үкіметті (мемлекеттік борышты басқарушыны) көзделмеген жағдайлардан қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор қызметінің тәуекелдеріне де мониторинг жүргізілуі керек. Ең кем дегенде мемлекеттік сектордың шығындары мен борышы салдарынан бюджет үшін тәуекелдерді жариялау, егер мүмкіндік болса бюджеттен тыс қорларға қатысты нақты меншік саясатын қалыптастыру жөн болар еді.
«Квазифискалдық қызметтің өсімі Қазақстанда мемлекеттік қаржыға көлеңке түсіруде. Қазіргі уақытта ол бюджеттік негізге кірмейді және микрофискальды басқаруды қиындатуы, нарықта бұрмалануды тудыруы мүмкін және саяси тетіктерді әлсіретеді. Квазифискалдық қызметтен болған шығындар бюджеттік тәуекелге ұшыратады. Мысалы, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың, бюджеттен тыс қорлардың шығынға батуы қазынаға үлкен залал келтіреді. Бұл қатарда банктерге көмектесу мәселесін де айта аламыз. Қазір квазифискалдық қызмет үшін мемлекет қаржысын пайдалану бойынша есептіліктің жүйесі өте әлсіз. Квазифискалдық қызмет әсеріне бақылау жоқ десе де болады», дейді сарапшылар.
Олар банктерге қаржылай көмек көрсету бойынша квазифискалдық қызмет салық төлеушілерге тым қымбатқа түседі және олардың талап ету құқығын шектеулі етіп қалдырады дейді. 2009-2020 жылдар аралығында банктерге көмекке берілген жалпы шығын көлемі 6,3 трлн теңге болған. Бұл дегеніңіз жалпы ішкі өнімнің 8,9 пайызы екен. Осы орайда Дүниежүзілік банк мынадай ұсыныстар әзірлейді.
Квазифискалдық қызметке мониторинг жүргізу және реттелген басқаруды ұйымдастыру үшін қосымша әрекеттер керек.
Біріншіден, квазифискалдық қызметті бюджеттік негізге қосу керек. Болжамды квазифискалдық қызмет мемлекеттік сектордың шоғырландырылған бюджетінің бөлігі болуға тиіс. Сонымен бірге, квазифискалдық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде бюджеттік тәуекелдерді бағалауға енгізу де маңызды.
Екіншіден, квазимемлекеттік қызмет есептілігін жақсарту. Квазифискалдық қызметтің нәтижелілігі мен орындылығын Парламентпен растау және талқылау, нарықтың дамуына теріс әсер ететін квазифискальды қызметті талдау (балама тәсіл мүмкіндігі) керек.
Банктерге көмектесуге арналған бюджет қаржысын пайдалануды реформалау. Проблемалық активтерді номиналды құнымен сатып алмау керек. Сонымен қатар банктерді құтқаруға арнап шығарылған облигациялар бойынша купон құнын төмендетуге жол бермеу керек.
Зерттеуде салық мәселесі де сөз болады. Дүниежүзілік банк сарапшыларының талдауынша, табысты жинау төмендеп бара жатыр, тиісінше түсім көлемінде тепе-теңдік азайды және тепе-теңдік салық түрі бойынша да аңғарылмайды. Салық өнімділігі мен динамикасының әлсіздігі салдарынан салықтың көп бөлігі қазына сыртында қалып жатыр. Сәйкесінше, салық түсімдерінің көп бөлігі ЖІӨ өсіміне сәйкес келмейді.
«Қазақстанның салық саясаты ең аз прогрессивті саясаттың қатарына кіреді. Жеке табыс салығы түсімдерінің динамикасы бойынша алшақтық бар: орташа мән ұлғайып жатыр, ал ол Қазақстанда тек қана төмендеуде. Қазақстандағы ең аз прогрессивті салықтар арасында тікелей (табыс) салық та бар. Біздіңше, салық саясаты үшін басымдықтар мыналар: салықтық ынталандыруды ұтымды ету қажет. Ол үшін қазіргі ынталандыруларды қайта қарап, салық шығындары жайлы талдау/есеп енгізген дұрыс. Екінші қарастыратын мәселе – шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимін жеңілдету жайы. Режимді қолданудың жалғыз критерийі ретінде жылдық кіріс айналымын пайдалану қажет. Стандартты және арнайы салық режимімен реттелетіндер үшін ҚҚС бойынша бір шекті қолданған жөн», делінеді зерттеуде.
Әрі қарай былай тармақталады:
Жеке табыс салығының прогрессивтілігі.
- Негізгі шегерімді арттыру және әртүрлі жеңілдіктерден бас тарту;
- Жеке табыс салығының әлдеқайда прогрессивті құрылымын енгізу;
- Орта мерзімді перспективада байлыққа салық салу мүмкіндігін қарастыру.
ҚҚС режимін реформалау.
- ҚҚС шегін ШОБ субъектілерін арнайы салық режимінде анықтайтын шекті мәнге сәйкес келтіру.
Акциздермен қамтуды кеңейту.
- Барлық қазба отындарына акциздерді қолдануды қайта қарау және кеңейту;
- ЕО ставкаларының 25 пайыз жанармай акцизі салық түсімдерін 2030 жылға дейін ЖІӨ нің 4 пайызына дейін арттыруы мүмкін;
- Табак өнімдеріне акциздерді әрі қарай ұлғайтуды қарастыру.
Салықтық әкімшілендіру – қозғаушы күш.
- Салық саясатының тиімділігі салықтық әкімшілендірудің сапасына тікелей байланысты;
- Салықтық әкімшілендіруді модернизациялауды жалғастыру керек.
Зерттеудің келесі бөлігінде бюджетті білім саласына жоспарлау жайы зерделенеді. Мұнда да ақсап тұрған мәселе көп. Ұстаздардың жалақысын көтере бергеннен түйткілдер тарқатылмайды деген ойды меңзейді сарапшылар. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта мектеп инфрақұрылымына қатысты шығындарды жоспарлау жүйесі айтарлықтай оңтайлы болмай отыр.
«Мұғалімдерге сыйақы беру жүйесі оларды мейлінше көп сағат (сабақ) алуға ынталандырады. Сондықтан материал дайындауға және кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік қалмайды. Мектеп инфрақұрылымы желілерін дамыту және сабақ беру тиімділігін арттыру үшін жергілікті деңгейдегі жоспарлауды жақсартып, мектепке дейінгі білім беруге жеке секторды тарту маңызды болмақ. Сосын мұғалімдерді қайта бөліп, оларға қатысты реформаның тиімділігін бақылау керек», дейді сарапшылар.
Бұдан өзге, білім беру саласын күшейтетін факторлар мыналар:
Жергілікті деңгейдегі білім беру қызметтерін көрсетуді жақсарту.
- Өңір бюджетінің 25-46 пайызы білім саласына кетеді;
- Орталық жоспарлау мен өңірдегі қажеттілік арасындағы байланыс өте әлсіз.
Институционалдық есептілікті жақсарту.
- Нәтижелерді бақылау және шешім қабылдау үшін деректерді пайдалану;
- Бюджет орындалуының ашықтығын арттыру;
- Жергілікті атқарушы органдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және жауапкершілігін түсіндіру керек.
Әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашар және үлгерімі төмен оқушыларды мақсатты қолдау.
- Жан басына шаққандағы қаржыландыруға әділеттілік критерийлерін қосу керек;
- Мұғалімдерге сыйақы беру жүйесін өзгерту керек.
Мемлекеттік бюджеттегі қаржының басым бөлігін алып кететін тағы бір сала – әлеуметтік сала.
Жиынтық мемлекеттік бюджеттегі үлестің арту себептері:
- 2006-2009 жылдары ЖІӨ-дегі 4,9 пайыздан 2018-2021 жылдары 5,5 пайызға дейін өсуі;
- Негізінен жекелеген санаттарға арналған бағдарламалар бойынша әлеуметтік көмектің айтарлықтай артуы;
- Кедейшілікке шағын атаулы әлеуметтік көмек – ЖІӨ-нің 0,2 пайызынан аз;
- Үлкен және өсіп келе жатқан әлеуметтік сақтандыру;
- Бейресми жұмысшылар тарапынан қатысудың төмен қарқындылығы;
- Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары;
- Кәсіпкерлік жөніндегі бағдарламалардың пайдасына икемделу (гранттар, микрокредиттер).
Дүниежүзілік банк мамандары бюджет және оны жоспарлау процесіндегі жалпы тәуекелдер ретінде мыналарды атап өтеді:
«Жүзеге асыру кезіндегі алшақтық – шығындар мен мәлімделген стратегиялық мақсаттар арасындағы байланыс әрдайым айқын көрінбейді. Ашықтық біршама жақсарғанымен тиімділікке қатысты үлкен сұрақ белгісі әлі бар. Бюджеттік жоспарлауда инклюзивтілік және жасыл жүйеге ауысу көрініс таба бермейді. Гендерлік теңдік те әлі ескерілмей келе жатыр», делінеді зерттеуде.