Қазақстанда шот-фактуралар бойынша жалған айналым сомасы 1 трлн теңгеден асқан
дереккөз: pon.org.ua
Салық органдары 2021 жылдан бастап тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде компанияларды тіркеуге және шот-фактураларды жазып беруге қатысы жоқ 2,6 мыңнан астам құрылтайшылар мен басшыларды анықтады. Осы және басқа да негіздер бойынша сот органдары тіркеуді және қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы 3,9 мыңға жуық шешім шығарды. Бұл хақында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
Комитеттің хабарлауынша, Қазақстанда шот-фактуралар бойынша жалған айналым сомасы 1 трлн теңгеден астқан. Өкілдік көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шеңберінде «жалған» шот-фактураларды жазып беру тәуекелінің ең жоғары ықтималдығы бар компанияларға қатысты биометриялық сәйкестендіруді пайдалануды жоспарлап отыр.
Тауарларды нақты сатпай немесе жұмыстарды орындамай құжаттарды рәсімдеу түрінде теріс пайдалану адал бизнес үшін қаржылық операциялардың қауіпсіздігі мен сенімділігіне қауіп төндіруде, – дейді комитет өкілдері.
Комитет тауарды нақты сатпастан немесе тиісті жұмысты орындамастан қаржылық құжаттарды рәсімдегендерді анықтаған. Дегенмен мұндай «құйтырқылықтан» көп компаниялар мен «жалған басшылардың» хабардар емес екені айтылды.
Бұл ретте, әкімшілендіру барысында мұндай «формальді» басшылар оларға компаниялардың тіркелгені және олардың атынан шот-фактуралар жазып берілгені туралы алғаш рет естіп отырғаны белгілі болды, – деп хабарлады комитет.
Мұндай көлеңкелі көлеңкелі экономикамен күресуде цифрлық технологияларды пайдаланудың маңызы да сөз етілді. Бұл орайда қолға алынған цифрлық жоба биометриялық сәйкестендіруді тек ерекше жағдайларда және жоғары тәуекел дәрежесінде қолдануды көздейді. Сонымен қатар, электрондық шот-фактураларды жазып беретін компаниялардың шамамен 1% қамтиды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, мұндай Digital-ID «сүзгісі» бизнестің дамуына тұсау салмайды, оны күніне бір рет кез келген ыңғайлы уақытта өту керек.
Салық органдары биометриялық деректерді жинауды жүзеге асырмайды. Аталмыш тексеру электрондық үкімет порталында пайдаланылатын сервистерде арқылы жүреді. Айта кетерлігі, Қазақстан нарығында цифрлық жобаға қатысты тәжірибе бар. Мәселен, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде осыған ұқсас технологияның іске қосылғанына екі жыл болды.