Қырғызстанда жанармай тапшылығы туындауы мүмкін, мұнай трейдерлері оған «Қазақстан Темір Жолы» компаниясын кінәлап отыр

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қырғызстанда қазан айының соңында жанар-жағармай тапшылығы туындауы мүмкін, деп хабарлады сейсенбіде Қырғызстанның мұнай трейдерлері қауымдастығы.

«Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдауда кедергілер пайда болды, бұл жағдай алдағы 20 күннің ішінде Қырғызстанның жанар-жағармай нарығында отын тапшылығын тудыруы мүмкін. Мәселе екі ел арасындағы үкіметаралық деңгейде шешілуі керек», делінген хабарламада.

Қауымдастықтың хабарлауынша, 1 қыркүйектен бастап «Қазақстан темір жолы» компаниясы тасымалдау процесіне қатысушыларды ресми хабарламастан, жанар-жағармайдың транзиті бойынша айлық және қосымша жоспарды бекітуді белгісіз себептермен тоқтатып тастаған. Ал қазан айына бекітілген кестені мүлде қабылдамай қойған.

«Отандық мұнай сауда компаниялары мен «Қырғызстан темір жолы» бірлесіп, бұл мәселені өз беттерімен шешуге тырысып жатыр. Бірақ бүгінде қазан айына жарияланған жоспарлардың барлығы дерлік «Қазақстан темір жолы» компаниясы тарапынан қабылданбады»,- деп мәлімдеді мұнай трейдерлері.

Ал ҚТЖ бұл мәселеге қатысты түсініктеме беретінін хабарлады.
Редакция жағдайды бақылауында ұстайды.

Сондай-ақ оқыңыз