«ТКШ ҚазОрталығы» меморандум жасасты: ресейлік Газпромбанк қаржыны басқарудың озық сервисін ұсынбақ
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ («ТКШ ҚазОрталығы») мен ресейлік Газпромбанк ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі редакцияға жолдаған ақпаратта: «тараптар Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде банктік сүйемелдеу тәжірибесін қолдануға ниетті», деп жазылған.
«Өз кезегінде, Газпромбанк осы технологияны басқа елдерге экспорттайтын жалғыз ресейлік несиелік ұйым бола отырып, серіктеске өнім бойынша әдістемелік, консультациялық және басқа да сараптамалық қолдау көрсетеді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, баспасөз баянында «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділхан Өмірбаевтың сөзі де келтірілген.
«ТКШ ҚазОрталығы» КПТҮ күрделі жөндеу жобаларын іске асыру барысында қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз ету үшін осы озық сервисті қолдану мүмкіндігін қарастыруда», – деді «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасы.
Айта кетейік, меморандумға «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділхан Өмірбаев пен Газпромбанктің вице-президенті – Синдикатталған және халықаралық қаржыландыру департаменті бастығының орынбасары Анастасия Шакина қол қойды.
Еске саламыз, жаңадан құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып Қанат Шарлапаев тағайындалған болатын.
Осы уақытқа дейін Ресейдің Саратов облысында туған Шарлапаевтың «азаматтығына» қатысты қоғамда біраз сөз болған.
«Бәйтерек» холдингінің сайтындағы дерекке сәйкес, Шарлапаев – РФ мен Ұлыбритания азаматы болған. Кейін оның Қазақстан азаматтығын алғаны мәлім болды.