Жаңалықтар

Жол мен инфрақұрылым нашар: елімізде жол апаты жиі болатын өңірлер аталды

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев елімізде көлік апаты жиі тіркелген өңірлерді атады.

Қожаевтың айутынша, биыл көлік апаты 13%-ға, жарақат алғандар 16%-ға төмендеп, қаза тапқандар саны азайған.

«Осылайша 2 мыңға жуық адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалдық. Дегенмен жалпы апаттың төмендеуіне қарамастан, Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында апат деңгейі жоғары», – деді Марат Қожаев Үкімет отырысында.

Көлік апатына негізі себептің бірі – жолдар мен инфрақұрылым жағдайы.

«Статистика бойынша жол-көлік оқиғаларының 73%-ы елдімекендерде болады. Мұнда адам шығыны болған апаттың төрттен бір бөлігі жаяу жүргіншілерді қағып кетуге байланысты», – деді ол.

Ең көп үлес төмендегі өңірлерде тіркелген:

Алматы қаласында 812 жол-көлік оқиғасы немесе жаяу жүргіншілермен болған жол-көлік оқиғалары санының – 27%;

Астана қаласында 202 жол-көлік оқиғасы немесе 7%;

Алматы облысында 306 жол-көлік оқиғасы немесе 10%;

Түркістан облысында 186 жол-көлік оқиғасы немесе 6%;

Жамбыл облысында 185 жол-көлік оқиғасы немесе 6%;

Маңғыстау облысында 132 жол-көлік оқиғасы немесе 4%.

«Реттелмейтін өткелдерде зардабы ауыр көлік апаты 5 есе жиі болады. Елімізде тек 250 жер үсті (130) және жерасты (121) жаяу жүргіншілер өткелдері бар. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында олар мүлдем жоқ», – деді ол.

Қазір елімізге мыңнан аса бағдаршам, 1,5 мың «кері санақ» таблосы, 25 мың жол белгісі керек.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, статистикалық деректер бойынша жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны біршама төмендеген. Алайда әлі де еліміздің күре жолдарында күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады.

«Өкінішке орай, бізде көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп деңгейі төмен. Біз жолдағы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып келеміз. Соған қарамастан, полиция жол бойында мас күйде рульге отырған және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған мыңдаған жүргізушіні ұстайды. Әрине, мұндай заң бұзушыларға барынша қатаң шара қолдану керек. Жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылау жүйесіндегі жағдай да мәз емес. Бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдарды толық пайдалану мүмкін болмай отыр. Кей жерлерде олар жетіспей жатса, кей жерде мүлдем жұмыс істемейді», – деді Смайылов.

Ол елдімекендердегі камералар санын көбейтуді, ал республикалық маңызы бар автожолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді белсенді пайдалануды тапсырды.