6 трлн теңгені қайтармаған: депутаттар банктерді тексеруді талап етіп отыр
Фото: kursiv.media
«Ақ жол» партиясының депутаты Асқар Садықов еліміздегі банктер мемлекетке 6 триллион теңгені қайтармағаны жайлы ақпаратты тексеруді талап етті. Оның айтуынша, 2009-2020 жылдар аралығында Қазақстан екінші деңгейлі банктерді құтқару мен қолдауға 8,2 триллион теңге бөлген.
Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметінше, қазақстандық банктер 2009-2020 жылдар аралығында бөлінген осы 8,2 триллион теңгенің тек 1,9 триллион теңгесін қайтарған.
«6 триллионнан асатыны белгілі. Банктер осы қаржыны әлі қайтарған жоқ, бұл мемлекетке әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыруға керек қаражат», – деп атап өтті депутат Садықов Мәжілістің жалпы отырысында.
БАҚ мәліметінше, Ұлттық қордан бөлінген қаражат 7 банкке жіберілген. Оның ішінде Халық банкі мемлекеттік қолдаудың 62%-ын алса, Жусан – 22%, Forte – 5%, қалған 11%-ы RBK, Eurasian, Centr credit, Nur bank банктеріне бөлінген.
Мәжілісменнің айтуынша, бұл фактілер банк секторына қатысты мемлекеттік саясаттың теңгерімсіздігін байқатады.
Депутат Садықов Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға жолдаған сауалында уәкілетті органдардан жарияланған ақпаратты тексеріп, Дүниежүзілік банк сарапшылары дерегін растауды немесе жоққа шығаруды талап етті.
«Егер бұл ақпарат расталса, 6 триллион теңге мемлекет қаржысының ысырап болуына қай шенеунік жауапты? Мемлекеттік органдар, ең алдымен Ұлттық банк бұл қаражатты қайтару шараларын қолданып жатыр ма?», – делінген мәжілісмен сауалында.
Айта кетейік, қазақстандық банктер тамыз айында 27,2 трлн теңге несие берген. Бұл шілде айындағы көрсеткіштен 2,17% артық.