Антикор «СҚ-Фармация» қызметінде жемқорлық бар-жоғына талдау жасайды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикор) денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бастады. Бұл жұмысты агенттік «СҚ-Фармациядан» бастамақ. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Талдау шеңберінде медициналық бұйымдарды сатып алу, аурухана мен емханаларды салу және жөндеу, сондай-ақ медициналық мекемелер қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу қоры және «СҚ-Фармация» ЖШС қызметі мәселелері зерделенеді.

Бұл жұмысты Агенттік, Денсаулық сақтау министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері және азаматтық қоғам өкілдері жүргізеді.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды талдауға қатысуға шақырады.

«Егер Сізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпаратнемесе денсаулық сақтау саласын жетілдіру бойынша ұсыныстар болса оларды электрондық поштаға жіберуіңізге болады abdrakhmanov.n@antikor.gov.kz«, -делінген хабарламада.

2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында «СК-Фармация» мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) басшыларының әрекетін сынға алған еді. Президент сынынан соң көп өтпей «СК-Фармация» басшысы Берік Шәріп пен ӘМСҚ тізгінін ұстаған Айбатыр Жұмағұлов қызметтерінен кетті. Есесіне жаңа басшылар да көп күттірмеді. Берік Шәріптің орнына Ерхат Исқалиев келген.

2009 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасының Үкіметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ құрылымында «СҚ-Фармация» компаниясын құру туралы шешім қабылдаған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 мамырдағы №516 қаулысымен «СҚ-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүз пайыз қатысу үлесін иемдену және пайдалану құқықтары ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне берілген.

Сондай-ақ оқыңыз