Forbes АҚШ-тың ең бай 400 адамының тізімін жариялады: байлығы 19%-ға ортайған Трамп бұл тізімнен түсіп қалған

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Forbes Американың ең бай 400 адамының тізімін жариялады. Ең дәулетті адамдар қатарында Илан Маск көш бастап тұрса, Трамп бұл тізімнің соңғы орындарына да ілінбеген.

АҚШ-тың ең бай 400 мың адамы өткен жылы 500 миллиард доллар жоғалтқаннан кейін, дәулетін қайта қалпына келтіріп алды. Олардың байлығының жалпы жиынтығы бүгінде 4,5 триллион долларды құрайды. Бұл рекорд 2021 жылы орнатылған болатын. Жалпы, бұл табыстың жартысынан көбі технология қорларының қалпына келуі есебінен өскен. Бұл өсімнің 30%-ы Эллисон, Цукерберг, Хуанг және Делл сынды төрт технологиялық магнаттарға тиесілі.

Американың 400 бай адамдарының тізіміне дәулеті 2,9 млрд доллардан асатын магнаттардың ғана есімі енген. Сол үшін де Дональд Трамп бұл тізімде жоқ. Өйткені экс-президенттің байлығы соңғы жылдардағы дауға байланысты 19%-ға төмендеп, небары 2,6 миллиард долларды құраған.

Ал Tesla және SpaceX компанияларының иесі Илон Маск дәулеті жөнінен барлық байлардан оқ бойы озық тұр. Twitter-ді сатып алуға қомақты қаражатын жұмсаса да, одан Маск дәулетінің мұрты да бұзылмаған. Forbes деректері бойынша оның байлығы бүгінде 251 миллиард долларға бағаланады.

Ал тізімде екінші орында Amazon-ның бұрынғы басшысы әрі негізін қалаушы Джефф Безос тұр. Оның байлығы 2022 жылы 151 миллиард долларды құраса, осы жылы 161 миллиард долларға дейін өскен. Одан кейінгі орында Oracle ақпараттық технологиялар корпорациясының негізін қалаушы және бұрынғы бас директоры Ларри Эллисон орналасқан. Эллисонның байлығы 158 миллиард долларға бағаланады. Ол өзінің табысын жасанды интеллекттің көмегімен айтырлықтай өсіріп үлгерген. Өткен жылы оның байлығы 101 миллиард долларды құраған.

Тізімдегі төртінші орынды әйгілі америкалық инвестор Уоррен Баффет иеленген. Ол табысын бір жыл ішінде 97 миллиард доллардан 121 миллиард долларға дейін өсірген.

Бесінші орында Google-дің бас компаниясы саналатын Alphabet-тің бұрынғы басшысы Ларри Пейдж тұр. Оның табысы өткен жылы 93 миллиард долларды құраса, осы жылы 114 миллиард долларға жеткен.

Ал алтыншы орында Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс тұр. Оның байлығы 2022 жылғы 106 миллиард доллардан 111 миллиард долларға дейін өсті.

Жетінші орынды Google-ді Ларри Пейджбен бірге құрған Alphabet-тің бұрынғы президенті Сергей Брин иеленді. Forbes журналы Бриннің байлығын 110 миллиард долларға бағалаған. Табыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 миллиард долларға артқан.

Meta-ның басшысы Марк Цукерберг сегізінші орынға жайғасқан. Ол бір жыл ішінде табысын 57,7 миллиард доллардан, 106 млрд долларға дейін өсірген. Одан кейінгі орынға Microsoft корпорациясының бұрынғы бас директоры Стив Балмер орналасқан. Оның табысы 83 миллиард доллардан 101 миллиард долларға дейін артқан.

Сондай-ақ оқыңыз