Кәсіби жарамсыз деп танылған судья басқа мемлекеттік қызметтерді атқара алады
Теріс себептермен қызметінен босаған судья басқа мемлекеттік қызметтерді атқара алады. Тиісті заң жобасы «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасына сәйкес, судья лауазымынан босатылған азамат өзге де салаларда жұмыс істей алады.
«Конституциялық Сот судьяның кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сай келмейді деген теріс себеппен өкілеттіктің тоқтатылуы лауазымынан босатылған судья үшін құқықтық салдарға әкеп соғу «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы шеңберінде ғана болуға тиіс деп көрсетті. Көрсетілген себеппен судья лауазымынан босатылған азамат өзге де салаларда, оның ішінде мемлекеттік қызметте еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын іске асыра алады», делінген құжатта.
Осыған байланысты, судьяның кәсіби жарамдылығын бағалауға байланысты басқа әртүрлі қызметке қол жеткізу бойынша шектеулерді жоюға бағытталған түзетулерді заңнамаға енгізу көзделген. Атап айтқанда, заң жобасында «Құқық қорғау қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарға түзетулер енгізу көзделген.
Келтірілген негіздемелерді ескере отырып Үкімет аталмыш заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізеді.
Бұған дейін, Заңсыз үкім шығарғаны үшін Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылған еді.