Кезекті қаржы пирамидасы: Астанада салымшылар 250 млн теңгеге алданған
ҚМА Астанадан тағы бір қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды құрықтады/ shutterstock.com
Астана қаласында тағы бір қаржы пирамидасы анықталды. «Sterling Invest» ЖШС басшылығына қаржы пирамидасын құрып, басқарды деген айыппен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Олар 80-нен аса салымшыға 250 млн теңге шыңын келтірген.
Ол компания құрылыс материалдарын сатып алу үшін салымшылардан қаржы тартып, 20-40 пайыз сыйақы уәде еткен. Төлемдер келісім- шарт бойынша 15-35 күн аралығында төленіп отырған.
«Сонымен қатар, «MegaSnabGroup.KZ» және «Азия Сталь Казахстан» ЖШС еншілес кәсіпорындары анықталып, олар да жоғары пайыз сыйақы уәде ете отырып, құрылыс материалдарын сату және инвесторлардың қаржы тарту бойынша ойдан шығарылған қызметпен айналысады. Сонымен қатар, астына кіргізген адам үшін инвестиция сомасының 5%-дан 10%-ға дейін қосымша табыс алуға уәде берген», – дейді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов,
Сот бұл қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға «үй қамауы» түріндегі бұлтартпау шарасы ретінде санкция берді. Қазіргі уақытта 80-нен астам адам жәбірленуші ретінде танылып, оларға жалпы сомасы 250 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
Биыл Қазақстанда қаржы пирамидасының құрбандарының жалпы саны үш есе артқан.
Бұған дейін ҚМА Шымкентте қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен «ПК Asar Baspana» қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.
Одан бөлек Батыс Қазақстан облысындағы департаменті жұртты 769 млн теңгеге алдаған «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Сонымен бірге Астана тұрғындарын 450 млн теңгеге алдаған «Семейный капитал» қаржы пирамидасына қатысты іс қозғалған.