Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» инвесторын елден қуу мақсатын көздемейді – Қаржы министрі
Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» инвесторын елден қуу мақсатын көздемейтінін, керісінше, билік алдында кәсіпорынды сақтап қалу міндеті тұрғанын айтты.
«Бұл компаниямен бірдеңе жасау керек, өйткені олар бұл режимде жұмыс істей алмайды. Мақсат – инвесторды қуу емес. Мақсат – «Арселорды» құтқару», дейді Жамаубаев.
Ол сонымен бірге компания басшылығына келтірілген шығынның орнын толтыру, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша талаптар қойылуы тиіс деп санайды.
«Негізінен инвестордың кетпегені дұрыс. Олар барлық талаптарға сай болса, жұмыс істей алады. егер талаптарға сай келмесе, шешім қабылдануы керек. Шарлапаев мырза, бұл туралы айтты, халықаралық стандарттар бойынша біздің азаматтардың құқықтары сақталуы керек. Әсіресе, өндірісте жұмыс істейтін жұмысшыларға қалыпты еңбек жағдай жасалуы керек. Осының бәрі сақталса, инвесторға ешқандай сұрағымыз болмайды», деді Жамаубаев.
Бұған дейін Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев егер инвестор Қазақстанда жұмыс істегісі келсе, онда ол елдің заңнамасына бағынуы керек екенін баса айтты. Сондай-ақ, ол кәсіпорындағы бес кеншінің өліміне қатысты жүргізіліп жатқан тергеу нәтижесі бойынша шара қолданылады деп сендірді.
Ол сонымен бірге Қазақстанның «АрселорМиттал Теміртау» басшылығының активтерін тартып алуды көздемейтінін айтты.
«Біз инвесторлардан Қазақстан Республикасының талаптарын сақтауды талап етеміз, мұнда ешқандай «алып қою» мәселесі айтылмайды және көзделмейді. Қазақстан инвесторлардың құқықтарын құрметтейді және ешкімнен ештеңе алмайды», – деді Шарлапаев.
17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Шахтада 227 адам болған. 222 адам оқпан арқылы жер бетіне шығарылды. Кеншілердің 13-і жарақат алса, бес адам қаза тапты. Олардың ең кішісі 27 жаста, ең үлкені 58 жаста болған.
Осы оқиғадан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындардағы апаттардың жалғасуы оның инвестициялық және басқа да міндеттемелерінің өрескел бұзылғанын көрсетеді, оның кейіннен Қазақстан нарығында болуы үшін тиісті салдары бар» деп мәлімдеді.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты. Оның айтуынша, бұған дейінгі апаттардан кейін басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген. Алайда келісімді толық көлемде орындамаған.
«Қазір осы кәсіпорынның иесін өзгерту туралы мәселе туындайды. Біз қазірдің өзінде Миттал және оның адамдарымен тиісті келіссөздер жүргізіп жатырмыз. бұл мәселе қазірдің өзінде түпкілікті шешіледі. Сондықтан бұл инвестордың Қазақстанда қалу перспективасын көріп тұрған жоқпыз», – деді Смайылов.
Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын мәлімдеген болатын.
Жақында «AMANAT» партиясының депутаты Никита Шаталов премьер-министр Әлихан Смайыловтан «Қазақстан» шахтасындағы жағдайды үкімет бақылауынан шығармауды әрі «АселорМиттал Теміртаудың» басшылығын заң негізінде жауапқа тартуды сұрады.
«Бұл «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарындағы бірінші апат емес. Өкінішке қарай, қоғам бүгінде шын кінәлілердің жауапқа тартылатынына сенбейді. Көп жағдайда, жауапкершілікке жәй орындаушылар тартылып жатады, шын мәнінде осындай апатқа ұшырататын шешімдерді басшылық қабылдайды», – деді Никита Шаталов.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, кінәлі адамдар тізімінде АМТ бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары – Мохан Винит, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ материалдық және техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушысы – Покле Шайлендра мен Көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белый бар. Олардың жауапқа тартылған, тартылмағанынан Төтенше жағдайлар министрі бейхабар. Ал полиция әзірге нақты кімнің ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы ақпарат берген жоқ.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат балқыту жөніндегі халықаралық ArcelorMittal концернінің бөлігі болып табылады. Компанияның Қазақстандағы 15 көмір және темір рудалары бар.