Жаңалықтар

ЖОО-дағы педагогика мамандықтарына қатысты бағдарламалардың басым бөлігі бұрынғы әдістемелерге негізделген – Тоқаев

Фото: Ақорда

Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл жайлы Республикалық педагогтер съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді», деп бастады сөзін мемлекет басшысы.

Ол ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріліп отырғанын айтты. Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал ететінін, ал мектептің қандай болатыны тікелей ұстазға байланысты екенін атап өтті.

«Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан, бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. Біз білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек. Бірінші мәселе. Ұстаздардың біліктілігін арттыруымыз керек. Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген. Халқымыз келешектің кілті – білімде екенін терең түсінген. Сол себепті, ұстазды ерекше қадірлеген», деді президент.

Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын, сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды екені айтқан мемлекет басшысы, бұл саладағы проблемаларға да тоқталып өтті.

«Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет», деді.

Сонымен бірге балалардың заманға сай озық білім алуы қажеттігін айтты. Жасанды интеллекттің енуімен болашақта жұмыс табу мәселесі күрделен түсетінін ескертті.

«Қазір еңбек нарығы өте жылдам өзгеруде. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтуда. Сондықтан, азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет», деді ол.