«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарған кезде мемлекетке 200 млн-ға жуық шығын келтірді деп айыпталып отырған, Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев түрмеде аштық жариялады.
Ермек Имантаевтың тұтқындалғаны туралы ақпарат осы жылдың 12 ақпанында тарады.
«Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотының 10 ақпандағы қаулысымен баптың 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасады деген күдікті И.-ға қатысты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы (Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша бұлтартпау шарасы 2023 жылғы 8 сәуірге дейін екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланады», делінген болатын сот хабарламасында.
Айыпталып отырған Ермек Имантаев Мәскеу мемлекеттік қаржы академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «Тұран» сақтандыру компаниясы директорының орынбасары қызметінен бастаған.
Әр жылдары Ақтөбе облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы, Ақтөбе облысы әкімі аппаратының меңгерушісі, Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Хромтау ауданының әкімі, сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша салық комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Ал 2002-2004 жылдары Ақтөбе облысының әкімі, кейін «Астана» халықаралық ғылыми кешені директорлар кеңесі төрағасының орынбасары, Ақпараттық технологиялар және қауіпсіздік институтының директоры қызметін де атқарған. Одан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде жұмыс істеген.
2019 жылдың қарашасында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) басшылығы қызметіне тағайындалады. Бұрынғы әкімге дәл осы мекемені басқарған кезде өзінің өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр. Тергеу мәліметінше Ермек Имантаевты «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі 23,9 гектар жерді заңсыз сатып жіберген». Мемлекетке келтірілген шығын 199 млн 400 мың теңгеге бағаланады. Алайда лауазымды тұлға бұл айыппен келіспейді.
4-і қыркүйек күні бұрынғы әкім шулы мәлімдеме жасамақ болғанын айтып журналистерді шақыртқан. Бірақ сот отырысына жергілікті және республикалық басылымдардың журналистері келген сәтте ойынан айнып қалған. Оның айтуынша, адвокаты мұндай мәлімдеме жасауды жөн деп таппаған. Ал бір күн өткен соң бұрынғы әкім аштық жариялайтынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті аштық жариялаған тұтқынмен мекеме психологтары жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
«Имантаевтың денсаулығын мекеменің медицина бөлімі бақылап отыр. Тұтқынның қылмыстық-атқару жүйесіне қояр кінәсі жоқ. Аштықты өзіне тағылған айыппен келіспегендіктен жариялаған», деп хабарлады Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.
Ал айыпталушының әйелі Лейла Имантаева күйеуінің денсаулығы нашар екенін айтқан.
Осыған дейін сот отырыстарында Ермек Имантаев 7 айдан бері жазықсыз қамалып отырғанын айтқан. Айтуынша, жеті айдан бері жүрегіне ота жасауға мүмкіндік ала алмай отыр, ал жүрегінде төрт стенд тұр .
Имантаевтың қорғаушысы денсаулығына байланысты үйқамаққа шығаруды сұраған. Бірақ сот адвокаттың өтінішін қанағаттандырмапты.