Мұнай бағасы антирекорд орнатты
Фото: kursiv.media
Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнай баррелінің құны бір күнде 5,11 долларға арзандады. Бұл кейінгі 14 айдағы ең нашар көрсеткіш болды, деп жазады Financial Times.
Желтоқсанда жеткізілетін фьючерстері бүгін барреліне 86 доллардан сатылды. Таңнан бергі өсім 0,2%-ды құрады. Дегенмен, 4 қазандағы сауда сессиясында мұнай 5,6%-ға арзандап, 85,81 долларды құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) саудаланған WTI маркалы мұнай бағасы да дәл осылай 5,6%-ға арзандап, 84,22 долларды құрады.
Financial Times газеті мұнай бағасының құлдырауын инвесторлардың көңіл-күйімен байланыстырады. Инесторлар дамыған елдердегі жоғары пайыздық мөлшерлемеге байланысты қарыз алу шығынының өсуі – экономикалық өсімнің баяулауына әкеп соғады деп алаңдайды. Бұл өз кезегінде мұнай сұранысына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық нотасының кірістілігі қазанның 4-інде 4,88%-ды құрап, 16 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.
Оған қоса, АҚШ-тың энергетикалық ақпарат басқармасы осы аптада елдегі шикі мұнай қоры 2,2 миллион баррельге азайғанын хабарлады. Бұл ретте бензин қоры, керісінше, 6,5 млн баррельге өсті.
Мұнай бағасының арзандауы инвесторлар мен нарық қатысушылары үшін күтпеген жаңалық болды. Баға бірнеше айдағы ең жоғары шегіне жетіп, барреліне 100 долларға жақындады. Өсім 2016 жылдан бері ОПЕК+ келісіміне қатысатын Сауд Арабиясы мен Ресейдің өндірісті қысқарту мерзімін жыл соңына дейін ұзарту туралы шешімі аясында орын алды.
Мұнай бағасының төмендеуі сектордағы компаниялардың көрсеткіштеріне әсер еткен. ConocoPhilips, ExxonMobil және Chevron акцияларының құны сәйкесінше 4,7%, 4,2% және 2,9%-ға арзандады.
Қазан айының басында Ұлттық банк мұнай құны теңге бағамында 2-3 айға кешігіп барып әсер ететінін айтқан. Регулятор мұнай бағасы қымбаттап жатқанда теңге бағамының күрт әлсіреуін осы себеппен түсіндірген.