«Самұрық-Қазына» компаниясындағы сыйақы мөлшері қайта қарала ма – Қор өкілі жауап берді
Фото: kursiv.media
«Самұрық-Қазына» қоры топ-менеджерлеріне төленетін сыйақы мөлшерлемесін қайта қарамайды. Бұл туралы «Самұрық-Қазынаның» кооперативті басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов мәлімдеген.
«Қазақпарат» агенттігінің хабарлауынша, Ғибрат Ауғанов бұл мәселенің күзде Мәжіліс мінберінен қайта көтерілгеніне таңғалып отыр. Кешегі Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров «Самұрық-Қазына» қоры құрылымындағы компаниялардың қаржылық операцияларын тексеруді сұраған.
«Неге төмендетуге болмайды? Біздің компанияларымыз – ұлттық компаниялар. Жалпы «Самұрық-Қазынада» 270-тен астам еншілес компания бар. Әр компания – нарық. Мысалы, бір компанияның басшысын алайық. Ол лауазымға тағайындалу үшін тиісті білімі болу керек. Жауапкершілік алады. 5 мың, 10 мың жұмысшыға жауапты болады. Оның бәрінің бизнес көрсеткіштерін, қаржылық көрсеткіштерін орындау керек. Қазақстанның дамуына үлес қосатын, соған нақты лайықты басшы болу керек. Нақты лайықты басшы болу үшін, нақты лайықты жалақы болу керек», – деген акционерлік қор директоры.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшылары 2022 жылы қордан жарты миллиард теңгеге жуық сыйақы алған.
Бұған дейін «Курсив» ірі мемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлері 2022 жылы қанша табыс тапқанын жазған еді.
Аудиттелген есепке сәйкес, былтыр «Самұрық-Қазына» қорының негізгі менеджерлеріне жұмсаған шығыны 18,6%-ға (616 млн теңгеден 730 млн теңгеге дейін) өскен. Курсивтің есебіне сәйкес, 2022 жылы Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма мүшелері бір жыл бұрынғыдан 47,5% артық табыс тапқан: олардың орташа айлық сыйақысы (салық пен басқа да міндетті аударымдарға дейінгі) 2021 жылғы 4,6 миллион теңгеден 2022 жылы 6,8 миллионға дейін өсті. Сонымен қатар, Ұлттық әл-ауқат қорының кейбір жоғары лауазымды тұлғалары (басқарма мүшелері емес) енді еншілес ұйымдарда қосымша табыс табу мүмкіндігіне ие.
Өткен айда AMANAT партиясы фракциясының депутаттары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың табысын ашық жариялауды сұрап, депутаттық сауал жолдаған.