Жаңалықтар

Назарбаевтың бұрынғы құдасымен байланысы бар мұнай компаниясына мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамағаны үшін айыппұл салынды

Фото: kursiv.media

Прокуратура Қайрат Боранбаевпен байланысы бар «Phystech II» АҚ қызметін тесеріп, мұнай компаниясы мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамағанын анықтаған. Кәсіпорын мемлекетке келтірген  1,2 млрд теңге  залалды өтеп, 70 млн теңге айыппұл төлеген.

Маңғыстау облысының прокуратурасы кәсіпорын қызметкерлерінің жаппай шағымын ескере отырып, «Phystech II» АҚ қызметін тексерген.

«Компания қызметінде қызметкерлердің еңбек құқығның өрескел бұзылғаны, сондай-ақ экологиялық заңнама талаптарының орындалмағаны мемлекет алдындағы келісімшарттық міндеттемелердің орындалмағаны және басқа да кемшіліктер анықталды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Нәтижесінде, прокуратура қабылдаған шаралар бойынша кәсіпорын мемлекетке 1,2 млрд теңге келтірген залалды өтеп,  70 млн теңге  айыппұл арқалаған.

2022 жылдың желтоқсан айында Lada басылымы «Phystech II» АҚ-на тиесілі «Қаражанбас Северный» кен орнының мұнайшылары жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етіп ереуілге шыққанын жазған. Айтуларынша, олар 112–180 мың теңге алып келген. Бұған жауап ретінде компания басшылығы мұнайшылардың орташа жалақысы 212 мың теңге екенін айтып, жұмысшыларды сотқа береміз деп қорқытты. Кейін сот ереуілді заңсыз деп танып, компанияның шағымын қанағаттандырды.

Сонымен қатар компания басшылығы қызметкерлердің жалған ақпарат таратты деп тұжырымдады.

«Боранбаев есімді азамат Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы жер телімінің иесі, сонымен қатар «Phystech II» АҚ акционері деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Көрсетілген жеке тұлғаның компаниямен байланысы жоқ. Жақын арада «Phytech II» АҚ тиісті талап-арызымен сот органдарына шағымданады», – деді бас директор Ернар Байжалиев.

Жер қойнауын пайдаланушы туралы не белгілі?

eGov мәліметі бойынша, «Phystech II» АҚ 2015 жылы тіркелген. Шикі мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысады. Құрылтайшылары көрсетілмеген, оның жетекшісі Байжалиев Ернар Берікбайұлы екені белгілі. Мұнай Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында өндіріледі.

KASE сайтында компанияның 100% қатысу үлесі бар жалғыз акционері – «Қазтурборемонт» холдинг компаниясы» ЖШС екені жазылған.

«Учет ПК» мәліметтері бойынша, «Phystech II» АҚ басшысымен аттас адам тағы үш компанияны да басқарады: «IPEC ENERGY KAZAKHSTAN» ЖШС, IP БАЙЖАЛИЕВ ЕРНАР, «TRADE INVEST» ЖШС. Бұл компаниялар Астана қаласында Байқоңыр ауданында тіркелген.

eGov мәліметтері бойынша, «Қазтурборемонт» холдинг компаниясы» ЖШС 2009 жылы тіркелген. Құрылтайшылары – Асхат Ғабдуәліұлы Өсеров пен Талғат Ғабдуәліұлы Өсеров. Компания «басқа жерде жіктелмеген басқа теңшелген қызметтерді ұсынумен» айналысады.

Қайрат Боранбаевтың бұл компанияға қандай қатысы бар?

2021 жылы Forbes Kazakhstan басылымы Назарбаевтардың бұрынғы құдасы, миллионер Қайрат Боранбаевты «Қазтурборемонт» холдингтік компаниясы» ЖШС-не иелік ететінін, ол арқылы Phystech II мұнай компаниясындағы үлесіне иелік ететінін жазған.

Бұл туралы компанияның 2020 жылғы қаржылық есебінде де жазылған. Құжатта «2020 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша компания акциялары 100% «Қазтурборемонт» холдингтік компаниясына (ҚР резиденті) тиесілі» екені көрстілген.

«Түпкілікті бақылауға ие тараптар: Қазақстан Республикасының азаматы Өсеров Асхат Ғабдуәліұлы; Қазақстан Республикасының азаматы Боранбаев Қайрат Советаұлы», – делінген құжатта.