Қазақстанда АЭС-ті Ресей, Корея немесе Франция салуы мүмкін: қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр

Жарияланды
Фото: shutterstock

Қазақстанда АЭС-ті Ресей, Корея немесе Франция елдерінің компаниялары салуы мүмкін. Бұл жайлы Энергетика министрлігінде өткен Отын-энергетикалық кешен мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесте айтылды.

Айтап айтқанда, әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (ҚХР, hpr-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және «EDF» (Франция, epr1200 реакторы) компаниялары қарастырылып жатыр.

Осыған байланысты жоғарыда аталған жеткізушілермен АЭС салу жобасын іске асыру бойынша ұсынылатын шарттарды талқылау бойынша терең келіссөздер жүргізілуде.

Отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесте Қазақстанда АЭС салу жобасымен қатар, АЭС салу үшін реттеуші базаны жетілдіру және атом энергетикасы үшін кадрлар даярлау мәселелері, сондай-ақ «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» ҚР Тұжырымдамасы мен Заңының жобалары қаралған.

«Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» ҚР Заңының жобасында:

  • радиоактивті қалдықтардың жіктелуі;
  • радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі уәкілетті ұйымды тағайындау;
  • радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу үшін қаражат жинақтау бойынша қор құру;
  • азаматтардың, ұйымдардың радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы құқықтары мен міндеттері және т. б. мәселелер көзделген.

Еске сала кетсек, президент 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастама жасаған болатын. Мемлекет басшысы референдум өткізу мерзімдері кейін белгіленетінін айтқан болатын.

«Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Егер АЭС салынатын болса, шамамен 2034 жылы іске қосылады. Бұл болжамды «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикин айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда АЭС салуға 15 млрд доллар қажет.

Ал Қазақстандағы АЭС салынатын ауданды таңдауға МАГАТЭ атсалысады.

АЭС салу бойынша Үлкен ауылындағы алғашқы қоғамдық талқылау 22 тамыз күні өткен болатын.  Экологтар АЭС салу табиғи апатқа алып келетінін алға тартты.

Эколог Мэлс Елеусізовтің айтуынша, АЭС Балқашты өлтіреді.

«Мен бұрыннан экология мәселесімен айналысып жүрмін. Балқаштың орташа тереңдігі небары 6 метр ғана. Қазіргі уақытта көлдің жағдайы өте нашар. Оның деңгейі қалыпты түрде төмендеп келеді. Атом станциясы жұмыс барысында жылу шығарады. Ол жылу Балқаш көлінің суымен суытылады. Нәтижесінде Балқаш өледі. Барлық тіршілік атаулы өледі. Түсінесіздер ме? Мен Үлкен ауылының жағдайын түсінемін. Бірақ бұл ауылда басқа да зауыт салып, жұмыспен қамтуға болады. Біз мұнда АЭС салу мәселесін емес, Балқашты құтқару мәселесін ойлауымыз керек. Өдеріңіз де білесіздер Қазақстан мұздықтарының 44 пайызы еріп бітті. Іле өзені жақын арада суалып, Балқашқа су жеткізе алмай қалады», деді.

Сондай-ақ оқыңыз