Қырғыз ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыс әлеміндегі атышулы тұлға «Қамшының» өліміне қатысты түсініктеме берді
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қылмыстық топтың серкесі Қамшыбек Көлбаевтың қайтыс болуына қатысты түсініктеме берді.
«Қарулы қарсылық кезінде қылмыстық авторитет жойылды. Көлбаевтың «Blonder Pub» мейрамханасында орналасқаны анықталды. Ол Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қызметкерлерінің заңды талаптарын елемей, атыс қаруын қолданып қарулы қарсылық көрсетті», делінген хабарламада.
Көлбаев ҰҚК қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, оқ атқаны себепті, ҰҚК қарсы оқ жаудырған.
«Дәрігерлер Көлбаевтың оқ жарақатынан оқиға орнында қайтыс болғанын растады, ҰҚК қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар арасында құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», делінген хабарламада.
Көлбаев ұйымдасқан қылмыстық топ құру, заңсыз қару сату, кісі өлтіруге оқталу деген күдікке ілінген.
Еске сала кетсек, 4 қыркүйек күні Қырғызстанда арнайы операция кезінде қылмыстық топ жетекшісі Қамчыбек Көлбаевтың қайтыс болған туралы ақпарат тарады.
Қылмыстық топ жетекшісі туралы не мәлім? Көлбаев 1974 жылы Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласында дүниеге келген.
2000 жылы ол өзінің бұрынғы бастығын өлтіруге оқталғаны және екі адамды өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған. Алты жыл жазасын өтеп, кейін түрмеден қашып кеткен.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол кейінірек Мәскеуде жүріп қылмыс әлемінің серкесі атанған.
Көлбаев Қазақстан аумағында да трансұлттық қылмыстық ұйым құрды деген күдікке ілінген. Бірақ, қылмыстық мерзімі ескіргендіктен жауапқа тартылмаған.
Ол 2020 жылдың 21 қазанында Бішкекте ұсталды. Оған Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің «Қылмыстық ұйым құру немесе оған қатысу» бабы бойынша күдікті ретінде хабарлама берілген. Кейінірек Бішкек қалалық сотының шешімімен криминалдық басшы өз арызымен босап шығады.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі ретінде Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрлігінде тіркеуде тұрған. 2012 жылы Америка Құрама Штаттары оны бұрынғы КСРО елдерінен шыққан 10 қылмыс әлемінің серкесінің аты-жөнімен бірге, ірі наркобарондардың бірі ретінде «қара тізімге» енгізген.
2021 жылдың наурыз айында АҚШ Мемлекеттік департаменті оны ұстауға көмектесетін қандай да бір ақпарат үшін 5 млн доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.